26 Мамыр 16:46
...

Күштінің арты... Үмбетовтердің қылмыстық ісі НЕГЕ созылып кетті?

Фото:

Өткен жылы 25 қазанда порталымызда «Ағайынды Әлібаевтар: «Үмбетовтер соққыға жығып, жала жапты» деген мақала жарияланған. Ағайынды Әлібаевтар Алматы облысының бұрынғы әкімі, экс-депутат Серік Үмбетовтің туыстарынан жәбір көргенін мәлімдеген еді.

Nege.kz бұл істі бақылауға алып, құзырлы органдарға ресми сауал жолдағаннан кейін сең қозғалғандай болған. Әлібаевтарға қысым жасаған полицейлер мен С.Үмбетовтің туыстарының үстінен қылмыстық іс қозғалған.

Алайда бұл екі қылмыстық іс те тығырыққа тірелгендей болып тұр. Өйткені әлдебір зор күш қылмыстық істерді сотқа өткізуге тосқауыл жасайтындай.

Тілшіміз Мадияр Әлібаевтың туыстарыны және адвокатына хабарласып, істің мән-жайын сұрады.

Сапарбек Әлібаев, М.Әлібаевтың бауыры:

Біздің аты-жөнімізді естісе, қаша жөнеледі

– Сіздерге жәбір көрсеткен полицейлердің және Үмбетовтердің үстінен де іс қозғалған еді, сол іс не болып жатыр?

– Өткен сенбіде бір рет беттестіру болды. Ол жерге Мадияр барған. Олар мойындамады, бізді танымаймыз деп бет бақтырмады. Негізі бұл істің басталғанына сегіз ай болды. Алға жылжу жоқ.

Жамбыл аудандық ішкі істер бөліміндегілер де, антикордағылар да біздің аты-жөнімізді естісе, қаша жөнеледі. Біз олардың үстінен арыз жаздық.

– Мадиярға қысым жасалып жатқан жоқ па?

– Оған қысым болған көрінеді. Ол қысым қай жақтан келгенін өзіміз де білмейміз. Оны сұрай алмадық. Өйткені, бұл жерде телефон байланысы нашар. Өзіміздің топшылауымыз бойынша, қысым көрсетілгені анық сияқты.

Тілеужан Кішкенебаев, адвокат:

Істі әдейі созып жүр

– Әлібаевтарға жәбір көрсеткен полицейлер мен Үмбетовтердің қылмыстық ісі тергеліп бітті ме?

– Полицейлерге қатысты қозғалған іс те, Үмбетовтердің қылмыстық ісі де созбалаңға салынып жатыр. Осыған байланысты  тергеу сотына арыз жаздым. Тергеу сотына келген прокурор «мамырдың аяғына дейін шешім қабылдаймыз» деген.

Міне, мамырдың аяғы болды. Іс бойынша шешім қабылдануы керек еді, бірақ шешім әлі қабылданған жоқ.

Әлібаевтардың ісінде қылмыс құрамы жоқ, сол себепті де іс жабылуы керек. Бірақ істі әдейі жаппай отыр. Өйткені қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, Әлібаевтар ақталуы тиіс. Ал ақтайын десе, іс қозғағандардың өздері істі болады. Жазықсыз адамдарға жәбір көрсеткендері үшін.

– Үмбетовтермен беттестіру жасалды ма?

– Беттестіру жасалған жоқ. «Ғабит Үмбетов анда кетті, мында кетті» деп, тергеу мұны әдейі созып жүр. Егер Үмбетовтермен беттестіру жасалса, көп нәрсенің басы ашылады.

***

Nege.kz порталы полицейлердің ісі бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ресми сауал жолдаған. Кеше Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті ауданаралық басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Д.Саиннан сырғытпа жауап келді.

«Ағайынды Әлібаевтарға мал ұрлығына қатысты деректі мойындату мақсатында физикалық және моральдық қысым көрсету дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 146-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деген Д.Саин ҚР ҚПК-нің 201-бабын желеу етіп, басқа мәліметтерді құпиялап қойды.

Ал енді Үмбетовтердің қылмыстық ісіне қатысты Алматы облысы ПД бастығы А.Заппаровқа жолдаған ресми сауалымызға әлі жауап жоқ.

Nege.kz порталы бұл істің жайын өз бақылауында ұстайды. 

Тегтер: