15 Маусым 18:54
...

«Құрманбаеваның құрдасы» бюджетке НЕГЕ ие бола алмай жүр?

Фото:

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов есеп берді.

NEGE тілшісі Мұрат ӘЙТЕНОВКЕ екі сұрақ қойды. Алайда әкім сабаққа дайындалмай келген оқушы сияқты қипақтап, екі сұраққа да жауап бере алмай қатты састы.

Шымкент қалалық прокуратурасы қаланың 2023-2025 жылдарға арналған бюджетін тексергенде заң бұзушылықтар болғанын және 1,4 млрд теңгені үнемдеп қалғанын хабарлады. Осы іске байланысты үш басқарманың шенділері тәртіптік жауапқа тартылған. Олар: құрылыс, энергетика және инфрақұрылымды дамыту, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшыларының орынбасарлары.

Тілшіміз: «Сіз әкім ретінде қала бюджетінің тиімді жұмсалуын не себепті қадағалай алмай отырсыз?», – деген сұрақ қойды. 

Әйтенов сұрағымызды дұрыс түсінбеген сыңай танытты. Тілшіміз сұрақты қайталап, нақтылап қойды. Бақсақ, қала әкімі бұл жағдайдан мүлдем хабарсыз екен.

«Ең бастысы, бүгінгі күні әкімдіктің бас жоспары бар. Оған бюджеттік жоспар бекітілген. Бюджеттік жоспардың барлығы қала тұрғындарының қажеттілігінен басталады. Оны біз қалалық мәслихатқа ұсынамыз. Ол бекітіледі, сол бекітілген бағытында жұмыс істейді. 2023-2025 болашақ бағытта келе жатқан қаражат. Біз оны тағы қарап шығайық. Бұл мәселені мен білмеппін. Бірақ мен сіздерге кейін, Шымкент қаласына жеткенде жауап беремін», – деп уәде етті.

Әсел Құрманбаева. Фото: ғаламтордан

Мұрат Әйтенов 2006 жылдан бастап, 2019 жылға дейін экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ іс басқаруында қызмет етті. Назарбаевтың іс басқарушысы әрі көмекшісі Абай БЕЙСЕНБАЕВТЫҢ орынбасары болды. 2019 жылы қызметі күрт өсіп,  Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, бір айдан соң  әкім боп тағайындалды. Бұдан бөлек «Балетті және ұлттық биді қолдау әрі дамыту қоры» қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Кейбір деректерге қарағанда, бұл қор экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі Әсел ҚҰРМАНБАЕВАҒА тиесілі көрінеді.

Тілшіміз Мұрат Әйтеновтен: «Сіз «Ескі Қазақстанның» өкілісңз бе, әлде «Жаңа Қазақстанның» өкілісіз бе?», – деп сұрады.

Әйтенов үшін өте қолайсыз сұрақ бұл. «Ескі Қазақстан» туралы сөз болса, Әйтенов қызарақтап шыға келеді. Оның себебі белгілі.

«Мен бұл жерге келіп, жетінші рет брифинг беріп жатырмын. Соның үшіншісінде осы сұраққа жауап бергенмін», – деп ақталды Әйтенов. «Спикердің жеке басына қатысты сұрақ» деп, жүргізуші де әкімге болысқандай болды.

Фото: elbasy.kz

Әйтеновтің осы сұраққа қатысты берген жауабын іздеп көрдік. Ол өз жауабында экс-президент Н.Назарбаевтың бейресми әйелі саналатын Әсел Құрманбаеваны танитынын, бірақ қорға жаққа басқа адамның шақыртуымен барғанын айтыпты. 

– Жұмыс барысында Әсел Құрманбаевамен кездесіп қалатынбыз, дамыту тақырыптарын талқыладық. Бірақ мені жұмысқа басқа адам шақырған... Қазір ол, Асылова Ұлттық академияда ректор болып істейді, – деп жауап берген екен Азаттық тілшісінің сұрағына. Бірақ мұнда ол өзін қандай Қазақстанның өкілі санайтынын айтпаған.

Әйтеуір, Әсел Құрманбаеваның құрдасы Мұрат Әйтенов қызметте сатылап тез өсті. Оған құрдасы көмектесті ме, жоқ па, бұл – басқа тақырыптың жүгі...

Тегтер: