Құрылтайда жаңа депутаттық топ құрылды: оны Дана Медеуова басқарады
Құрылтай жанынан «Қазақстан балалары» атты депутаттық топ жұмысын бастады. Оны депутат Дана Медеуова басқарады.
Астана, NEGE. Топ балалардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың өмір сүру жағдайын жақсарту мәселелерімен айналысады. Бұл туралы Дана Медеуова Астанада өткен «Балалар үні: ұлттық стратегиялар және қауіпсіз цифрлық орта» атты II халықаралық форумда мәлімдеді.
«Біздің мақсатымыз – балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулығы мен тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелерін заң шығару қызметінде басты назарда ұстау», – деді Дана Медеуова.
Халықаралық форумда балаларды интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғау мәселесі кеңінен талқыланды. Қатысушылар заманауи технологиялардың бала дамуына әсерін және цифрлық кеңістікте қауіпсіз орта қалыптастыру жолдарын қарастырды.
Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау, барлық балаға тең мүмкіндік беру мәселелері көтерілді.