Құрылтай — 23 тамыз
USD
USD
USD

Құрылтай депуттарын сайлауда билік өкілдері мен партия жетекшілері дауыс берді

Қазақстанда өтіп жатқан Құрылтай депуттарын сайлауда билік өкілдері мен партия жетекшілері Астана мен Алматыдағы сайлау учаскелерінде өз таңдауын жасады.

Құрылтай сайлауы
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының жаңа бір палаталы Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауында дауыс беруге қатысты.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзінің Конституциялық құқығын жүзеге асырып, өзіне бекітілген сайлау учаскесінде дауыс берді. Оның айтуынша, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі бұл сайлау саяси реформалардың жаңа кезеңінің маңызды бастауы болып саналады.

Құрылтай сайлауы
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Астанадағы сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Қосанов Құрылтай депутаттарын сайлауға 130 мың әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелері қатысып жатқанын мәлімдеді. Әскери бөлімдер мен мекемелер аумағында 25 жабық сайлау учаскесі ұйымдастырылған.

Құрылтай сайлауы
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов те елордадағы сайлау учаскелерінің бірінде өз таңдауын жасады. Дауыс беру күні бүкіл ел бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері республикалық референдумға қатысуда.

Құрылтай сайлауы
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс беріп, бүгін күн Қазақстанның саяси дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтті.

«Сайлауға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі әрі әр азаматтың ел болашағына өз үлесін қосу мүмкіндігі», – деді министр.

Құрылтай сайлауы
Спорт және туризм министрлігінің баспасөз қызметі

Сайлауда Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек алғашқылардың бірі болып дауыс берді. 

«Бүгін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында дауыс бердім. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға. Жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органға айналады. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ», – деді Қасымбек.

Құрылтай сайлауы
Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды сайлау учаскелерінің бірінде қала тұрғындарымен бірге кезегін күтіп, кезегі жеткенде өз таңдауын жасады. 

«Біз тарихи сәттің – Құрылтайдың алғашқы сайлауының куәсі әрі қатысушысымыз. Еліміз өзінің саяси тарихындағы жаңа кезеңге қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлау алдындағы үндеуінде атап өткендей, біздің болашағымыз әрқайсымыздың саналы таңдауымызға байланысты», – деді Алматы әкімі.

Құрылтай сайлауы
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Министрлер кабинеті өкілдерімен қатар, бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып жатқан партия жетекшілері де өз учаскелерінде дауыс берді.

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлауда өз таңдауын жасап, азаматтардың сайлауға қатысуы және азаматтық жауапкершілік танытуы аса маңызды екенін атап өтті.

Биылғы сайлау науқаны 2026 жылы 15 наурызда Конституция қабылданғаннан кейін алғаш рет өтіп жатыр. Конституциялық реформаға сәйкес, Қазақстан Парламенттің екі палаталы құрылымынан бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтайға өтті.

Қазақстан халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Бүгін – еліміз үшін айрықша тарихи әрі мерекелі күн! Сайлау нәтижесі қандай болса да, бұл тарихи додадағы ең басты жеңімпаз – тұтас еліміз бен барша қазақстандықтар», – деді ол.

«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев сайлау учаскесіне бір топ жақтастарымен келіп, дауыс берді. Ол сайлау нәтижесінен бұрын азаматтардың өз таңдауын жасап, ел болашағына жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін айтты.

«Мен бұл жерге партия төрағасы ретінде емес, ең алдымен сайлаушы ретінде келдім. Менің дауысым кез келген азаматтың дауысымен тең», – деді ол.

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов Астана қаласы Байқоңыр ауданындағы Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінде орналасқан №83 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Партия төрағасы сайлауға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің, ел болашағына бейжай қарамаудың және өз еліңнің келешегіне саналы көзқарастың көрінісі екенін атап өтті.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов Құрылтай депуттарын сайлауда отбасымен бірге келіп, дауыс берді.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева дауыс беріп, бүгінгі күнді «ел тарихындағы маңызды кезең» деп атады.

«Бүгін қазақ елі үшін үлкен мереке деп ойлаймын. Тарихымызда алғаш рет Құрылтайға сайлау өтіп жатыр. Халқымыз өзінің белсенділігін көрсетіп, сайлауға келіп, өз таңдауын жасайды деп ойлаймын», – деді Дания Еспаева.

Құрылтай сайлауы
Kazinform

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Астанадағы №101 орта мектепте дауыс берді. Бүгінгі сайлаудың маңызына тоқталған партия төрағасы бұл күнді Қазақстанның жаңа кезеңге қадам басуымен байланыстырды.

Құрылтай сайлауы
respublica-partiyasy.kz

Айта кетейік, бүгін қазақстандықтар алғаш рет Құрылтай депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлап жатыр. Сайлаушылар тізімдеріне 12 605 788 Қазақстан азаматы енгізілген. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бүгінгі Сайлауда сайлаушылардың белсенділігі жоғары екенін атап өтті.

Қазір оқып жатыр

Тоқаев: 10 күн ішінде вице-президент кім болатыны айтылады

вице-президент

Құрылтай сайлауында түске дейін 4,6 млн азамат дауыс берді

Құрылтай сайлауы

Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады

Құрылтай сайлауы

Құрылтай сайлауы-2026: сайлау учаскелерінде кезек ұлғайып, қазақстандықтар креатив танытуда

Құрылтай сайлауы