Kundelik vs BilimClass. Министр Сүлейменова не дейді?
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Kundelik және BilimClass электронды күнделіктеріне қатысты дауға байланысты пікір білдірді.
Астана, NEGE. Министр бұл мәселеде өзі басқарып отырған ведомствоның бейтарап екенін ерекше атап өтті.
Сүлейменованың айтуынша, министрлік төрт LMS жүйенің барлығына бірдей, объективті түрде қарайды. Олардың қатарына Kundelik пен BilimClass те кіреді. Алайда, егер мектеп оқу жылын белгілі бір жүйемен бастап қойған болса, сол жүйемен аяқтағаны дұрыс.
Осыған байланысты, каникул кезінде министрлік барлық әкімдіктерге оқу жылының соңына дейін LMS жүйелерін ауыстырмау жөнінде ұсыныс жолдаған. Дегенмен, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай шешімді жергілікті атқарушы органдар өз бетінше қабылдайды.
«Әрине, егер оқу процесі қыркүйек айында бір LMS жүйесімен басталса, оны сол жүйемен аяқтау орынды. Бірақ тағы да қайталап айтамын, шешім жергілікті атқарушы органдар деңгейінде қабылданды және жауапкершілік МИО-ның мойнында», – деді Сүлейменова Үкіметтегі баспасөз конференциясында журналистің сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол мектеп қай LMS жүйесін пайдаланса да, ең бастысы – балалардың жеке деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың сыртқа таралуына жол бермеу екенін атап өтті.
2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап Алматыдағы көптеген мектеп Kundelik платформасынан бас тартып, бәсекелес компания ұсынған BilimClass платформасына ауысу туралы шешім қабылдады. Алайда мұның арты дауға ұласты.
Kundelik компаниясының бас директоры әрі негізін қалаушы Мұхтар Ильясовтың айтуынша, Алматы қаласындағы 200-ден астам мемлекеттік мектептің оқушылары, олардың ата-аналары мен мұғалімдеріне қатысты деректер пайдаланушылардың келісімінсіз Kundelik жүйесінен BilimClass платформасына көшірілген. Оның айтуынша, мектептер бұл деректерді өз бетінше жүктеп алып, оны қауіпсіздігі қорғалмаған құрылғыларда (флеш-жадтарда және мұғалімдердің үйіндегі компьютерлерде) сақтаған.
Білім басқармасының мәліметінше, платформа ауыстыру туралы шешім қабылдау кезінде мектептердің, педагогтардың, оқушылардың және олардың заңды өкілдерінің қажеттіліктері ескерілген, ал деректердің қауіпсіздігі заң талаптарына сай қамтамасыз етілген. BilimClass платформасы бірнеше мектепте алдын ала сынақтан өтіп, оң пікір алғаннан кейін өтеусіз негізде енгізілген. Басқарма өкілдері мемлекеттік қаражат тартылмағанын, деректерді сақтау мен өңдеуге арналған серверлер Қазақстан аумағында орналасқан да алға тартады.