22 Қаңтар 11:43
...

Kundelik vs BilimClass: дербес деректерге қатысты сұрақтар ашық қалды

.
Фото: Nege.kz

Алматы қаласы Білім басқармасы Kundelik платформасынан BilimClass платформасына көшу кезінде оқушылар мен ата-аналардың жеке деректерінің мұғалімдердің үйіндегі компьютерлерде сақталғаны туралы ақпаратқа нақты жауап бермеді.

Астана, NEGE. 2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап Алматыдағы көптеген мектеп Kundelik платформасынан бас тартып, бәсекелес компания ұсынған BilimClass платформасына ауысу туралы шешім қабылдады. Алайда мұның арты дауға ұласты.

Kundelik компаниясының бас директоры әрі негізін қалаушы Мұхтар Ильясовтың айтуынша, Алматы қаласындағы 200-ден астам мемлекеттік мектептің оқушылары, олардың ата-аналары мен мұғалімдеріне қатысты деректер пайдаланушылардың келісімінсіз Kundelik жүйесінен BilimClass платформасына көшірілген. Оның айтуынша, мектептер бұл деректерді өз бетінше жүктеп алып, оны қауіпсіздігі қорғалмаған құрылғыларда (флеш-жадтарда және мұғалімдердің үйіндегі компьютерлерде) сақтаған.

Осы мәліметтердің анық-қанығын білу үшін біз Алматы қаласы Білім басқармасына ресми сауал жолдадық.

Алайда басқармадан келген жауапты нақты деуге келмейді. Басқарма басшысының орынбасары Сакен Аралбаевтың жауабында деректерді көшірудің себептері түсіндірілгенімен, ата-аналар мен оқушылардан жазбаша келісім алынғаны немесе алынбағаны туралы нақты айтылмайды. Сондай-ақ қандай деректердің және қандай көлемде көшірілгені көрсетілмеген. Деректердің мұғалімдердің жеке компьютерлерінде немесе флеш-жадтарда сақталғаны жөніндегі мәліметке де тікелей жауап берілмеген.

Аралбаевтың айтуынша, BilimClass платформасына көшуге дайындық барысында мектептер аттестаттау мен тексеруден өту үшін қажетті құжаттарды алдын ала жүктеп, мұрағаттаған. Бұл Kundelik платформасына қолжетімділік тоқтатылған жағдайда архивтік деректерді сақтау қажеттілігімен байланысты болған.

«Бұл шара BilimClass платформасын басқа өңірлерде енгізу тәжірибесін ескере отырып қабылданды: өңір BilimClass-қа көшкеннен кейін Kundelik платформасы мектептерге өз жүйесіне қолжетімділікті тоқтатты. Соның салдарынан өткен кезеңдерге қатысты мұрағаттық құжаттар мен деректерді жүктеу мүмкіндігін қамтамасыз етпеді.

Мұрағаттау тек мектептердің аттестаттау рәсімдері мен тексерулерден өтуі үшін қажетті құжаттар мен деректердің толық топтамасын сақтауын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды, соның ішінде Алматы қаласының мектептері үшін Kundelik платформасына қолжетімділік тоқтатылған жағдайларда да кездесті», – деді Аралбаев.

Сонымен қатар ол білім алушылардың дербес деректер базасына иелік ету құқығы білім беру ұйымдарына тиесілі екенін, ал «Күнделік» ЖШС-ының мұндай құқыққа ие еместігін атап өтті.

Білім басқармасының мәліметінше, платформа ауыстыру туралы шешім қабылдау кезінде мектептердің, педагогтардың, оқушылардың және олардың заңды өкілдерінің қажеттіліктері ескерілген, ал деректердің қауіпсіздігі заң талаптарына сай қамтамасыз етілген. BilimClass платформасы бірнеше мектепте алдын ала сынақтан өтіп, оң пікір алғаннан кейін өтеусіз негізде енгізілген. Басқарма өкілдері мемлекеттік қаражат тартылмағанын, деректерді сақтау мен өңдеуге арналған серверлер Қазақстан аумағында орналасқан да алға тартады.