17 Маусым 08:55
...

Құмар АҚСАҚАЛОВ латифундистерден НЕГЕ қорқады?

Фото:

ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарын жауап берді. 

Өткен күзде болған алапат өрттен Қостанай облысында 32 мың гектар орман жанып кетті. Өрттен мемлекетке қанша шығын келді, өртенген ағаштарды кескеннен түскен қаржы қанша және ағаш кесуді нақты қандай компаниялар жүзеге асырып жатыр? NEGE тілшісі Қостанай облысының әкімі Құмар АҚСАҚАЛОВҚА осы сұрақты қойды. 

«Өрт ауқымы 30 мың гектардан асады. Былтырдан бері өртенген ағаштарды кесу жұмыстары басталды. Тиісті комитет рұқсатын береді. Біз Қазақстанда жұмыс істейтін барлық компанияларды шақырдық. Қозғалмаған ағаштарды тез арада кесіп, пайдалануымыз керек. Кәсіпкерлер пайдануы керек. Өйткені 3-4 жылдан кейін барлығы да жарамсыз болады, сапасы кетеді. Қазақстандық барлық компанияларды, жұмыс істеп жүрген азаматтарды шақырамыз. Келіңдер, бұл жұмысты барлығымыз бірлесіп атқаруға дайынбыз», – деді Қостанай облысының әкімі.

Қостанай облысындағы орман өрті. 2022 жыл, қыркүйек. Фото: ғаламтордан

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өртенген ағаштарды кескеннен түскен қаржының есебі 1 млрд теңгеден асқан. 

«Қателеспесем, бүгінгі күні 1 млрд теңгенің үстінде қаражат орман шаруашылығының шотына түсті. Оны өздері пайдаланады. Түскен қаражатқа өрт сөндіретін көліктер, тракторлар, қажетті құрал-саймандар сатып алады. Қаржы осы бағытта жұмсалады», – деп уәде берді Құмар Іргебайұлы.

«Өртенген ағаштарды кесумен нақты қандай компаниялар айналысып жатыр?» деген сұраққа әкім: «Ірі компаниялар жоқ, бірақ компаниялар көп. Оны қазір нақтылап айта алмаймын. Қажет болатын болса, сіздерге жазбаша жауап беруге дайынмын», – деп жауап берді.

Абай облысындағы өрттен кейін іле-шала күйген ағаш тиеген көліктердің видеосы тарап, «Өртенген Семей орманынан ағаш тасып жатыр» деген әңгіме шықты. Алайда кейін құзырлы органдар бұл ағаштардың Қостанайдың өртенген орманынан әкелінгенін айтты. Ағаш саудасында былық көп екені бұрыннан белгілі. Кейбір дереккөздерге сенсек, қылмыстық топтар ағашын кесіп алу үшін орманды әдейі өртейтін көрінеді. Тілші сұрағының астары да осыған саяды...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ латифундистердің иеленіп алған мыңдаған гектар жерін мемлекетке қайтару жұмысының саябырсып қалғанын бірнеше мәрте ескерткен. NEGE тілшісінің екінші сауалы осыған қатысты болды. 

Қостанай облысында қанша гектар жер мемлекетке қайтарылды? Алдағы уақытта қайтарылатын жер көлемі қанша және оның иелері кімдер?

«Екі жыл бұрын Қостанай облысында пайдаланылмай жатқан жайылымдық жердің көлемі 1 млн 53 мың гектардан асты. Былтыр 500 мың гектары қайтарылды. Сол қайтарылған 500 мың гектарының конкурс арқылы мал шаруашылығымен айналысамын деген азаматтарға 224 мың гектары берілді. Енді биылдың өзінде 300 мың гектарды қайтаруды жоспарлап отырмыз. Айтып өткенімдей, 1 млн бос жатқан жайылымның 500 мың гектары қайтарылды. Енді биыл 300 мың гектары қайтарылатын болады», – деді Ақсақалов. 

Фото: ғаламтордан

Тілшінің: «Қостанай облысындағы ірі жер иеленушілердің аты-жөндерін атай аласыз ба?», – деген нақтылау сұрағына облыс әкімі: «Жоқ...», – деп күмілжіді.

Қостанай облысында ірі жер иеленушілер – латифундистер жоқ па? Олардың атын атаудан Құмар Ақсақалов неге қорқады? Әлде әкім президентке сенбей ме?..

Тегтер: