25 Ақпан 15:36
...

Құмар ойын ойнап көрдіңіз бе? – Өнердегі азаматтар жауап берді

Казино
Фото: ғаламтордан

Лудомания қоғамның басты дертіне айналып бара жатқандай. Соңғы статистикаға сүйенсек, елімізде 350 мыңнан аса адам құмар ойынның құрығына ілігіпті. Бұл – оңалту орталықтарына жүгінгендердің санына қарап айтылған көрсеткіш. Ал ата-анасын, отбасын қарызға белшесінен батырып, ақылға да, емге де көнбей жүргендердің саны қаншама?!

NEGE тілшіcі өнер адамдарына хабарласып, құмар ойынға қатысты пікірін сұрады.

Балғымбек ИМАШЕВ, айтыскер ақын:

Алик-малик-шарикке алдандым

Ақын
Фото: ғаламтордан

– Алғаш жоғары оқу орынына түсуге Алматыға келген шақта барахолка базарының маңында «Алик-малик-шарик» дегенді ойнап көріп, бір алданғаным бар. Ол кезде ауылдан келген аңғал баламыз ғой. Ал букмекерлік кеңсе мен ойын залдарына мүлде бас сұғып көрмеппін.

Мысалы, менің туып-өскен ауылым мен Алматының екі ортасындағы Қонаевта қаз-қатар тізіліп, казино атаулы қаптап тұр. Солардың біреуіне кіріп көрмеппін. Мұның бәрі ата-анамыздың берген тәрбиесінің жемісі деп білемін.

Жастардың жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылуы қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі болып тұр. Соңында жұрттың бәріне қарызға кіріп, ағайын-туыс алдындағы абыройынан айырылып, берекесі кетіп жатады. Сондықтан қыздарды ана, ұлдарды әке болуға тәрбиелеу мақсатында бала күнінен мал-мүлікті адалынан тапса, берекесі болатынын айтып отыру қажет.

Адал ризық шаңырақтың шайқалмауына, ұрпақтың салиқалы болуында үлкен рөл атқаратынын үнемі насихаттап отыруға тиіспіз. Тілегіміз, дұғамыз қабыл болу үшін жегеніміз адал болуы керек. Бізде көбіне харамға арақ пен шошқаның етін ғана жатқызады. Алаяқтықпен, ойынқұмарлықпен, кісі ақысын жеумен келген қаражат та – харам. Ондай ақша ешқашан берекелі болмайды. Тіпті жеңіл жолмен табыс таптым дегеннің өзінде оның соңы жақсылыққа апармайды.

Ержан ЖАМАНҚҰЛОВ, актер:

Асылып өліп қалғандар да болды

актер
Фото: ғаламтордан

– Алматыдағы көп казинолардың бірінде қауіпсіздік қызметінің басшысы болып қызмет атқардым. Сол кезде талай тағдырдың куәсі болдым. Қалта телефондарына хабарласқан әйеліне «мен базарда жүрмін» деп алдап жататындарды да көрдік.

Жұмысқа алғаш орналасқан күні бір әйел бір қағазды әкеп, қолыма ұстатып кетті. Қарасам, күйеуінің ныспысын көрсетіп, «менің күйеуім үнемі казино ойнайды, соның салдарынан үй мен дүние-мүліктен айырылып, төрт баламен далада қалдым, өтінем, оны кіргізбеңізші!» деп жаған екен. Кейін естісем, қаладағы бар казиноға солай өтініш жасапты. Ойлаңызшы, қандай аянышты. Келушілердің арасында бірталай адамның асылып өліп қалғанын да естідік.

Содан кейінгі казино атаулыда ешқашан сағат ілініп тұрмайды, терезе болмайды. Соның салдарынан ойыншы күн бе, түн бе, тіпті тәуліктің қай уақыты екенін де білмейді. Құмар ойынға салынып кеткені сонша, ол жерден үш-төрт күн шықпайтындар да бар. Бірнеше күн қатар ойнаған кейбіреулер қасында жан баласы болмаса да өзімен-өзі сөйлесіп отыратын күйге жетеді. Бұл дерт қоғамда әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығына, ажырасудың артуына, қылмыстың көбеюіне әкеп соқтырып жатыр. Сондықтан саналы үкімет болса, казино атаулыны жабуы керек.

1xbet деген сияқты букмекерлік кеңселердің жарнамасы жер жарады. Кейбір казинолардың ішінен лудоманиямен күрес бөлімшесін ашып қойған екен. Казино атаулыға кім емделуге барады? Мұндай бастамалар тек көзбояушылықтың белгісі.

Айтатыным, бұл көлеңкелі табыс. Қожайындары бюджетке азын-аулақ салық төлейді, ал қомақтысы өз қалтасына түседі. Сол себепті оның басшылары мұндай кәсіп көзінен ешқашан айырылғысы келмейді. Сондықтан бұл мәселемен мемлекет өзі күресу керек.

Саят МЕДЕУОВ, әнші:

Адамды орта бұзады

Әнші
Фото: ғаламтордан

– Жасыратыны жоқ, ойнап көрген достарым болды. Бірақ ешқайсының оңғанын көрмеппін. Себебі ешкім тегіннен-тегін ақша бермейді ғой. Соңы жақсылыққа апармасы анық. Ең жаманы – адамды елітіп әкетеді де, қарызға қалай кіріп кеткенін білмей қалады.

Өз басым ешқандай азарт ойын ойнап көрген емеспін. Әкем марқұм «Балам, мен сен үшін, туған ауылым, ағайын туысым, елім үшін жаман нәрсеге жолаған жоқпын. Осыны ақылыңа сал» деп отыратын. Сол сөзі өмірлік сабақ болды. Кез келген ата-ана балам жаман болады деп ойламайды. Кейде адамды орта бұза ма деп пайымдаймын. Әрдайым ұл-қызымыздың жүрген ортасына, жолдастарына жіті мән беруіміз қажет сияқты.

Нұрлан ӘЛІМЖАН, актер:

Ойынды қатырмаймын...

Актер
Фото: ғаламтордан

– Құмар ойын орталықтарына ешқашан барған емеспін, қызықпаймын да. Бала күнімізде ауылда көпшілік іш пысқанда жағалай карта ойнайтын еді. «Соның орынына кеткен уақытқа неге кітап оқымайды немесе спортпен шұғылданбайды» деп ойлайтынмын. Әлі күнге дейін сол қағидадан таңған жоқпын. Бала-шағама да солай айтып отырамын.

Ал казино дегенді тіптен сайтани дүние деп қабылдаймын. Компьютер немесе соткамен отырып ойнайтын ойындардың өзін жарытпаймын. Қас қағым өмірді руханиятқа жұмсамай, азарт ойындармен өткізу – ақымақтық. Алланың берген алтын уақытын текке кетірген ысырапшылдық.

Аттарын атамай-ақ қояйын, бір екі досым мен сыйлас ағаларымды жеңгелерімнің сұрауымен казинодан сүйреп алып шыққан сәттерім болған. Сондықтан өз басым елде құмар ойын орталықтарының болғанына түбегейлі қарсымын. Дегенмен, олардың артында тұрған үлкен күштер бары анық. Мұның бәрі азаматтардың адасуына алып келіп жатыр. Жастар жеңіл жолмен келген ақшаның берекесі болмайтынын түсінсе екен. Абай атамыздың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» дегеніндей, өмірде құмар ойыннан өзге қызық жеткілікті. Оған кеткен уақыттарыңызды отбастарыңызға, театрдағы әдемі қойылымдарға баруға, тамаша туындылар оқуға, анаңызбен әңгімелесіп шай ішуге арнаңыз. Бақыт деген – осы.

P.S. Айта кетейік, өткен жылдың сәуір айында Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткен болатын. Онда президент құмар ойынға жастардың әуестігін айта келіп, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған. Тіпті салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді. Бірақ Қонаевтағы көздің жауын алатын казинолар мен букмекерлік кеңселердің санаты сейіле қойған жоқ. Сондай-ақ құзырлы органдар да жасырын жұмыс жасап жатқан қанша ойын залдарын жапқызғаны жөнінде есеп беруге асығар емес.