Құмар ойындарға тәуелділікті жеңуге бола ма?
Құмар ойындарды ара-тұра уақытты көңілді өткізу үшін ойнағанда тұрған не бар? Ойынға тәуелділіктің алғашқы кезеңі дәл осылай басталады. Бірақ болмашы әдеттің де салдары болуы мүмкін.
Құмар ойынға тәуелділік жас пен жынысқа бөлінбейді. Бұл дертпен кез келген адам кез келген уақытта бетпе-бет келеді. Тіптен, ойынға тәуелді болып кетпесе де адамдардың шамамен 1%-ы өмірінің белгілі бір кезеңінде ойындарға құмарта бастайды.
Құмар ойындарға тәуелділік – бұл барлық жастағы және әлеуметтік-экономикалық жағдайдағы адамдарға әсер ететін жағдай. Жалпы, лудомания қаржылық күйреуге, қылмыс жасауға, тіпті суицидке алып келеді. Адам өзінің тәуелді болып бара жатқанын сезсе де, уақытында тоқтай алмайды. Тәуелділіктің бұл түрі емдеуді қажет ететін психикалық ауытқу болып саналады.
Құмар ойындарға тәуелділіктің үш негізгі түрі бар:
Әлеуметтік құмар ойындар. Құмар ойындардың бұл түріне бинго, лотерея және түрлі ұтыс ойындары жатады. Оның әдетте зияны жоқ. Досыңыз, туысыңыз, тансыңыздың да ойнап жүргенін көресіз. Құмар ойындардың бұл түрі қарым-қатынастарға әсер еткенде немесе қаржылық қиындық тудырғанда ғана проблемаға айналады. Адам бірден емес, бірте-бірте тәуелді бола бастайды. Әлеуметтік желілердің өзінде лоторея ойнататындар көбейді. Оған тіккен азын-аулақ ақшаның өзі адамды шығынға батырады.
Тығырыққа тірейтін құмар ойындар. Адам өзі ойлағаннан да жиі құмар ойын ойнап, нәтижесінде жағымсыз жағдайларға тап болғанда байқалады. Олар уақытын, қалтасындағы қаражатын жоғалтады. Сонымен қатар күйзеліске ұшырайды. Бұған қарыз ақшамен құмар ойын ойнау немесе ақша тігу үшін бар мүлкін сату жатады.
Патологиялық құмар ойындар. Бұл құмар ойындарға тәуелділіктің ең ауыр түрі болып саналады. Патологиялық құмар ойындарға тәуелділігі бар адамдар көбінесе бар ақшасын жоғалтқанша немесе ақша тігуге мүмкіндігі таусылғанша ойнайды. Ақшасы біткенде, тағы ақша табу үшін кез келген әрекетке барады. Тәуелділіктің бұл түрі әдетте құмар ойындарға болмашы қызығушылықтан басталады, бірақ уақыт өте келе ауыр жағдайға айналады. Патологиялық құмар ойындарға тәуелділік жылдар бойы жалғасуы мүмкін. Ал бұған шалдыққан адамдарда депрессия, мазасыздық немесе есірткіге тәуелділік пайда болады.
Адам құмар ойын ойнағаннан көп нәрсені жоғалтады.
Жақын адамдарымен қарым-қатынастың бұзылуы. Құмар ойындарға тәуелділер өзінің тәуелділігіне байланысты жақындарымен жиі жанжалдасады. Оған себеп – өтірік айту, қаржылай қиындық, ұрлық жасау. Сол себепті лудомандар отбасы мүшелерінің, достарының, тіпті жұбайларының өзіне деген сенімін жоғалтады. Ақыр аяғында барлығы одан теріс айналуы мүмкін.
Қаржылық мәселе. Бұл құмар ойындарға тәуелділіктің ең көп таралған белгілерінің бірі. Лудомандардың бар ақшасын тігуі қарызға батырады. Ол сонда да ойынды жалғастыру үшін қарызға ақша алады немесе бар мүлкін сатады.
Құмар ойындарға ерекше қызығушылық. Құмар ойындарға тәуелді адамдар оған әдеттен тыс қызығушылық танытады. Мысалы, құмар ойындар туралы сөйлескенді ұнатады, казино жайлы шоуларды көреді немесе онлайн казиноларға барады.
Құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алудың көптеген әдісі бар. Құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алудың ең жақсы жолы – қаражатыңызды жоспарлау. Бұл бар ақшаңызды бір күнде жұмсамай, біразын болашаққа үнемдеуді білдіреді. Жалақы алған сайын 20 пайызын үнемдеуге тырысыңыз.
Құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алудың тағы бір жолы – ойын мекемелерінен аулақ болу. Бұл казиноға бармау, лотерея билеттерін сатып алмау және онлайн ойын сайттарына жоламау. Егер сіз құмар ойын туралы оймен күресіп жүрсеңіз немесе құмар ойын ойнауды әлдеқашан бастаған болсаңыз, бұл жөнінде сенетін адамыңызбен сөйлескеніңіз маңызды. Бұл досыңыз, жұбайыңыз, отбасы мүшесі, психолог, дәрігер болуы мүмкін. Сезімдеріңіз бен ойларыңызды талқылау олардың тәуелділікке айналуын болдырмауға көмектеседі. Ойынға құмарлығыңыз артса, өзіңізді басқа іспен айналысуға мәжбүрлеңіз. Мысалы, жақсы кино көруге, әсерлі кітап оқуға, әдемі жерлерге серуендеуге болады.
Құмар ойын ойнамауға уәде беру – тәуелділіктің алдын алудың тағы бір жолы. Өзіңізге берген уәдеңізді жазып алып, оны күнделікті көретін жерге іліп қойыңыз. Осылайша сіз құмар ойындардан аулақ болу керек екенін есіңізге салып отырасыз.
Құмар ойындарға тәуелділік тек қалтаңызды жұқартып қана қоймайды. Бұл құмар ойыншыға және оның жақындарына қиындық алып келеді.
Кәсіби көмекке жүгініңіз. Бұл құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алудың соңғы шарасы және барлық басқа әдістер көмектеспеген жағдайда ғана қарастырылуы керек. Дегенмен, құмар ойындарды өз бетіңізше тоқтата алмайтыныңызды сезсеңіз, бірден кәсіби мамандардың көмегіне жүгіну ең жақсы шешім. Құмар ойындарға тәуелділіктің зардабы ауыр, сондықтан оның пайда болуына жол бермеу үшін дер кезінде шара қабылдау маңызды. Лудоман көмекке мұқтаж екенін мойындап, емделуді неғұрлым тезірек бастаса, қиындықтың алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.