31 Мамыр 14:15
...

Құлсарыдағы өрт: Зардап шеккен 6 азамат үйлеріне жіберілді

Өрт
Фото: Әлеуметтік желіден

Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласындағы жанармай бекетінде болған жарылыс салдарынан 16 адам зардап шеккені белгілі болды.

АЛМАТЫ, NEGE. Қазіргі уақытта 5 адам аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал 6 азамат амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне шығарылды. Тағы үш науқас облыстық ауруханаға жеткізілген.

Бұл туралы Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асулан Абдрахманов мәлімдеді. Оның айтуынша, науқастардың жасы 25 пен 75 аралығында. Олардың күйік шалу деңгейі 5–22 пайыз көлемінде. Бүгінде барлығының жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп жоқ.

Өрт
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Жарылыстан кейін Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен аудан әкімі Жұмабек Қаражанов зардап шеккен азаматтардың жағдайын бақылап, ауруханадағы науқастарға барды. Сонымен қатар өңір басшысының тапсырмасымен Құлсары қаласына Атыраудан қосымша 4 дәрігер жіберілген.

Атырау облыстық ТЖД мәліметінше, жарылыс газ тасымалдаушы көлік резервуарға автогаз құйып жатқан сәтте орын алған. Нәтижесінде екі нысан өртеніп, 450 шаршы метр аумақты қызыл жалын шарпыды.

— Қазір өрттің себебін анықтау үшін департамент пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 6 маман оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, — деді Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нариман Өтешов.

Қайғылы оқиғада қаза тапқан екі азаматтың отбасына Атырау облысы әкімінің орынбасары мен жергілікті билік өкілдері барып, көңіл айтты. Қайтыс болғандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетіні хабарланды.

Айта кетейік, Құлсарыдағы жарылысқа байланысты Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жедел штаб отырысын өткізді. Қазіргі таңда оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.