18 Желтоқсан 11:00
...

Құлсары мектептерінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды

Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Атырау облысының баспасөз қызметі

Құлсарыда инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысы аналардың бастамасымен қолға алынды. 

Жылыой ауданы Құлсары қаласының бес мектебінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Салтанатты ашылу рәсімі барысында жаңа инклюзивті кабинеттерді ашу құрметі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың аналарына берілді.

Атырау облысында жобаны бірлесіп іске асыру бастамасын бір жыл бұрын «Samruk-Kazyna Trust» қоры ұсынған. Бүгінде бұл жоба «Теңізшевройл» компаниясымен серіктестікте Жылыой ауданы мектептерінде толықтай жүзеге асырылды.

 Атырау облысының баспасөз қызметі
Атырау облысының баспасөз қызметі

Кабинеттер «Samruk-Kazyna Trust» қорының жаңартылған үлгісі бойынша жабдықталған. Жалпы аумағы 140 шаршы метрді құрайтын кеңістікте екі бағыт: инклюзияны қолдау кабинеті және емдік дене шынықтыру кабинеті біріктірілді.

Инклюзияны қолдау кабинетінде логопед, дефектолог және психолог мамандар балалармен жұмыс істейді. Олар балалардың сөйлеу дағдыларын, оқу қабілетін және мінез-құлқын дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар, балалар сурет салып, қолөнермен айналыса алатын арнайы шеберхана бар.

 Атырау облысының баспасөз қызметі
Атырау облысының баспасөз қызметі

Емдік дене шынықтыру кабинетінде балалар ойын арқылы денесін шынықтырады. Бұл жаттығулар олардың қозғалысын, тепе-теңдігін және бұлшық еттерін дамытуға бағытталған. Әр кабинет сенсорлық ойындармен, оқу-дидактикалық материалдармен және арнайы құралдармен жабдықталған. Мұның барлығы балалардың мектеп өміріне оңай бейімделуіне көмектеседі.

Бес инклюзивті кабинетті ашу және жабдықтауға бағытталған жобаның жалпы бюджеті 151,9 млн теңгені құрады.