Құлыбаевтарға тиесілі Halyk Bank Бағдат Мусинге қатысы бар бизнесті сатып алды
Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиесілі Halyk Bank re:Kassa сервисін сатып алу мәмілесін аяқтады. Банк осы сервиске иелік ететін «COMRUN» ЖШС-ның 100 пайыз үлесін алған.
Астана, NEGE. Қаржылық есептілік депозитарийінің сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, Halyk Bank 2026 жылғы 3 маусымда «COMRUN» ЖШС-ның толық иесі атанғанын хабарлады. Банк бұл компанияны қандай сомаға сатып алғанын ашық жарияламады. Бағдат Мусиннің өзі де журналистермен тілдескенде бұл сұраққа коммерциялық құпияны алға тартып, жауап беруден бас тартты.
«COMRUN» компаниясына re:Kassa сервисі тиесілі. Бұл сервис шағын және орта бизнеске сатуды автоматтандыруға, кассалық жабдықпен жұмыс істеуге және бизнес-процестерді басқаруға көмектеседі.
Бұған дейін «COMRUN» ЖШС-ның иесі Beintech компаниясы болған. Оның меншік құрылымында кәсіпкер Данияр Асанов пен АХҚО-да тіркелген Beintech Kazakhstan компаниясы көрсетілген. Ал Beintech Kazakhstan компаниясының құрылтайшысы ретінде «Қазақтелеком» басқарма төрағасы, бұрынғы цифрлық даму министрі Бағдат Мусин аталады.