«Құлап қала жаздаған тікұшақта Мамин, Сапарбаев және Біртанов болған»
Бүгін блогер Денис Кривошеев Фейсбук желісіндегі парақшасында былай деп жазды: «Кеше, 14 маусымда «Қазавиақұтқару» әуе компаниясының Ми-171 тікұшағы Тараз қаласынан 170 шақырым жерде – Жамбыл облысының Тасөткел аумағында (Шу ауданы) апатты жағдайда қонды. Ақпарат көзінің айтуынша, тікұшақтың гидравликалық жүйесі істен шыққан. Ұшқыштар инструкция бойынша әрекет етіп, тікұшақты әупірімдеп қондырған. Жолаушылар Премьер-министр Асқар Мамин мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты ізінше ұшып келген басқа тікұшақ әкеткен. Оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды. Бұл жағдай Мемлекеттік күзет қызметінің ерекше назарын аударған».
«Қазавиақұтқару» АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Анар Хамитова құлап қала жаздаған тікұшаққа қатысты бүгін мәлімдеме жасап, былай деді: «Тікұшақ Жамбыл облысындағы Қордайда тәртіпсіздік болған аумақты айналып жүргенде есептегіш гидравликалық жүйе істен шыққан. Бортта Премьер-министр Асқар Мамин мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев болды. Оларда бәрі жақсы. Барлығы дін-аман екінші бортқа отырғызылды. Енді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, яғни Индустрия және инфрақұрылымды дамыту Министрлігі ақауды анықтау үшін комиссия құрады. Комиссия тікұшақтың бұзылу себептерін анықтайды».
Төтенше оқиғаға байланысты Nege.kz тілшісі шұғыл зерттеу жүргізіп, көпшілік біле бермейтін біраз жайтты анықтады. Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, құлап қала жаздаған тікұшақта Премьер-министр Асқар Мамин мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтан бөлек, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та болған.
«Тікұшақтың аса жайсыз қонғаны соншалықты Асқар Мамин мен Елжан Біртановтың миы шайқалған. Бір қызығы, Бердібек Сапарбаев ешқандай жарақат алмаған. Оның өзіндік себептері болса керек. Өйткені дәл сол кезде Сапарбаевтың жағдайы басқалардан өзгерек болғанға ұқсайды. Үшеуін оқиға болған жерден өзге тікұшаққа мінгізіп, алып кеткен. Олардың бірінен соң бірінің оқшаулануы осы оқиғаға байланысты болуы мүмкін», – дейді тұрақты оқырманымыз.
Естеріңізде болса, кеше Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырғанын әлеуметтік желі арқылы мәлімдеп, халықты карантин ережелерін сақтауға шақырған. Іле-шала Премьер-министр Асқар Мамин «Біртановтың коронавирус жұқтыруына байланысты өзін-өзі оқшаулағаны» белгілі болды. Ал бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев оқшауланыпты. Себеп сол баяғы: «Біртановтың коронавирус жұқтыруына байланысты».
Біздің білуімізше, оқиға блогер айтқандай 14 маусымда емес, 12 маусым күні болған. Сол күні Премьер-министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барған еді. Ал енді тікұшақта Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың болғаны не себепті айтылмай жатқанының астары бар сияқты. Және Елжан Біртанов «коронавирус жұқтырдым» деп мәлімдеген соң Асқар Мәмин мен Бердібек Сапарбаевтың іле-шала «өзін-өзі оқшаулағаны» біраз ойға жетелейді.
Тұрақты оқырманымыз айтқандай, егер Премьер-министр Асқар Мамин мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың жанында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың болғаны рас болса, оны жасырып-жабудың қажеті не? Әлде мұның індете зерттеуді керек ететін өзге де құпиясы бар ма?..