13 Желтоқсан 14:53
...

«Құлақсындырғыштар» қаптап кетті

Фото:

Instagram-дағы «eto_dagestan» қауымдастығында екі бозбаланың құлақтарын әрлеп жатқан видеосы шықты. Олардың бірі екіншісінің құлағына (жансыздандыратын болса керек) спрей сеуіп, сосын кәдуілгі балғамен құлақты темірге қойып, топылдатып ұрып жатыр. Көрген көзге жантүршіктірер көрініс.

Алматы, NEGE. «Спортзалға бармай-ақ, кілемге шығып күреспей-ақ,» оқтан - жүйрік, шоқтан – ыстық» болуға болады. Тән ауырған дым емес, келбет бәрінен маңызды!» деген секілді өзінше философиялық мәтін жазып, жаңағы жынды тірлігін әлеуметтік желіге зор мақтанышпен жариялапты.

Қазір бұл бейнежазба әлеуметтік желіде елдің сыны мен наразылығына тап болды. Видео астында «Бейшаралар-ай, тым құрыса Хабибке құлағым ұқсасын деген шығар», «Құлақты балғамен емес, кілемде күресіп жүріп сындыру керек» деген сияқты жазбалар тұнып тұр.

Ресейде «құлақсындыру бизнесі» гүлдеп тұр. Әлеуметтік желінің ресейлік контентінде «Ауыртпай әрі арзанға құлақ сындырамыз!», «Тәжірибелі құлақсындырғыш өз қызметін ұсынады» дегендей жарнамалар мен хабарландырулар өріп жүр. Кей хабарландырулар «оө жақ құлақты 700 рубльге, сол жақ құлақты 1000 рубльге сындырамыз» деп жазады, сөйтсе, сол жақ құлақтың қымбат болу себебі – мәшиненің рөлінде отырғанда сынық құлақ сес болады-мыс. Сондықтан да, құлақ сындыру қызметінің бағасы әр түрлі.., 500-ден 1200 рубльге дейін, біздіңше 3-7 мың теңге. Сынған құлақ сәні, әсіресе, Хабибтің Макгрегорды жеңгенінен кейін қаптап кеткен көрінеді.

Шынтуайтында, кәсіби күрес палуандары арнайы пластикалық ота жасатып, құлаққа жиналып ет боп кеткен қанды алдырып тастап жатады. Ал, біздің Қазақстанның жағдайында бұрындары әскерде тепкіні көп көрген пүшәйман балдарды мазақ етіп, құлақтарын шифонердің есігіне қысып, сындырып жіберетін...

Қанат Ескендір

 

Тегтер: