22 Қаңтар 14:33

«Құлагер» жүйріктерін анықтайды

Байқау
Фото: Nege.kz

5-Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында республикалық «Құлагер» әдеби байқауы жарияланды. Осыған орай «Қазақстан жазушылар одағы» мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы» бірлесіп ұйымдастырған әдеби байқаудың ресми ашылуы өтті

Салтанатты жиынға Қазақстан Жазушылар одағының басқара төрағасы Мереке Құлкенов, Ұлттық спорт қауымдастығының төрағасы Исламбек Салжанов және есімі Еуропаға танымал белгілі шабандоз Бауыржан Мырзабав пен Жазушылар одағының мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Өз кезегінде сөз алған белгілі кәсіпкер Исламбек Салжанов қауымдастықтың атқарған жұмыстары мен алға қойған жопарымен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде ұлттық спорт түрлерін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен Қостанай жылқы тұқымын сақтау және дамыту туралы заң жобасы әзірленуде. Сондай-ақ елімізде допингке қарсы лабораторя мен Жоғары ұлттық спорт мектебі ашылатынын тілге тиек етті. Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Қазақ спорт және туризм академиясында «Ат спортының ветеринариясы» және «Ат спорты түрлерінің жаттықтырушысы» мамандықтары ашылатынын да қуана жеткізді.

«Біз ұйымдастырып отырған байқауды «Құлагер» деп атауды жөн көрдік. Өйткені Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» туындысы қазақ поэзиясының ең биік шыңы. Әдеби байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық спортты насихаттау және қаламгерлерге қолдау көрсету. Байқау жеті номинация бойынша өтеді. Оған қауымдастыққа қарасты спорт түрлерін насихаттайтын туындылар қатыса алады. Қатысушылардың зияткерлік еңбегін бағалай отырып Қауымдастық атынан әр номинация жеңімпаздарына 2 млн теңгеден сыйақы береміз деп шештік. Озық шыққан туындылар қазақ әдебиетіне қосылған үлкен олжа болады деген сенімдемін!», – деп сөзін сабақтады Салжанов.

Байқау
Nege.kz

Сондай-ақ белгілі меценат «Құлагер» байқауының ұйымдастырылуы «Қазақ әдебиеті» газетінің 90 жылдығымен тұспа-тұс келгенін ескере отырып, өзі тізгіндеген «Aityn Qyran Foundation» қорының атынан мерейтойға шашу есебінде 10 млн теңгенің сертификатын табыстады.

Айта кетейік, байқаудың жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздары «Үздік поэзия», «Үздік проза», «Балаларға арналған үздік шығарма», «Үздік комикс», «Үздік драма», «Үздік деректі шығарма» және «Үздік фантастикалық шығарма» аталымдары бойынша марапатталады. Ал өтінімдер 22 қаңтардан бастап 22 маусым аралығында қабылданады.