Құқықтық сауаттылық бойынша оқушыларға дәріс өтті

Оқу жылы басталғалы Жамбыл облысы бойынша мектептер мен колледждерде полиция қызметкерлері күн сайын дәріс оқып жатыр. Мақсат – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, заң қағидаттарын сақтауға тәрбиелеу.
Жамбыл облысы, NEGE. Жалпы, құқық бұзушылықтың алдын алу, балаларды әртүрлі заңбұзушылық әрекеттерден сақтандыру – кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Алайда күз келіп, жаңа оқу жылы басталғанда бұл жұмыстарға жан бітеді. Өйткені буыны қатып, мінез-құлқы қалыптасып үлгермеген жеткіншектер қалай итерсең, солай қисаятын жас шыбықпен бірдей. Оларға заң талаптарын ұдайы ескертіп, санасына құйып отыру қажет-ақ. Әсіресе жазғы каникулдан жаңа келген қазіргідей уақытта маңызды.
Полиция қызметкерлері негізінен жастардың миына мына мәселелерді шегелеуге тырысады: Балалар мен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар деген не? Оның қандай түрлері бар? Соған қатысты қарастырылған жауапкершіліктің салмағы. Жас өскіндердің жауапкершілікке тартылу жасы...
Мұны ұғындырудың екі түрлі пайдасы бар. Біріншіден, құқықтық сауаттылық әр адамға керек. Әсіресе, қазіргідей заманда. Себебі қазір барлық жерде заң үстемдік етеді. Заң жүрген жерде әр адамның құқығы қоса жүреді. Ешкімнің ешкімге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға құқы жоқ. Бұл әр адам білуі керек құқықтық сауаттылықтың әлқисасы. Демек оқушылар мұны мектеп жасынан бойына сіңіреді. Біреу өзіне күш көрсетіп, тәртіп бұзса, өз құқын қорғауға ұмтылады. Өскенде заңды жетік білетін, кез келген мәселені заң шеңбері аясында шешетін тұлға болып қалыптасады.
Екіншісі, бұдан да маңызды. Үйіндегі еркелер мектепте ортақ тәртіпке бағыну қажеттігін сезінеді. Егер құқық бұзушылық жасап, заңнан аттаса, міндетті түрде жауапершілікке тартылатынын түсінеді. Артық-ауыз әрекетке барарда ойланады. Өйткені заңда көрсетілген жауапкершілікті біле тұра, теріс әрекетке барса, жауапкершілік жүгі де ауырлай түседі.
– Оқушылармен кездесу барысында балаларға күнделікті өмірден ситуациялық-құқықтық сұрақтар қойылып, оқушылардың жауабы тыңдалды. Дұрыс әрі жылдам жауап берген балаларға құрмет-қошамет көрсетілді. Жалпы, бізге балалардың белсенділігі ұнады. Болашақта құқық қорғау қызметінде жұмыс істегісі келетін жеткіншектер де аз емес. Мұндай жұмыстардың тиімділігі сол, егер кәмелетке толмаған балаға жауапкершілік туралы ескертілген болса, онда ол профилактикалық ақпаратты біле тұра заңсыз әрекет жасаудан қаймығады. Бойын аулақ салады, – дейді ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов.