Құқық қорғау органдарындағы лауазымды тұлғалар полиграфологиялық тексеруден өтеді

Бас прокуратура құқық қорғау, азаматтық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызметте полиграфологиялық зерттеуден өту ережесіне өзгерістер енгізді. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Алматы, NEGE. Полиграфологиялық зерттеу – адамның жекелеген физиологиялық реакцияларын арнайы датчиктердiң көмегiмен тiркеуден тұратын сауалнама жүргiзу рәсiмi.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің қызметкерлері жоғары тұрған басшы лауазымға ұсынылған кезде (аттестаттау немесе жоспардан тыс аттестаттау немесе жоғары тұрған басшы лауазымға конкурс шеңберінде) өтеді.
Зерттеу жоғары лауазымға ұсынылған адамның келісімімен жүргізіледі.
Сондай-ақ Бас прокуратура полиграфологиялық зерттеуден өтудің міндеттерін түсіндірді.
«Лауазымды қызметтегі жасырын теріс себептерін (тыйым салынған қоғамдық бірлестіктер қызметінің, қылмыстық және террористік ұйымдар мүдделеріне және басқалары), жағымсыз тәуелділігін, есірткі, психотроптық, психикалық және физикалық тәуелділік туғызатын өзге де психоактивті заттарды тұтыну тұтынбауын анықтау. Сонымен қатар қызмет атқаруға кедергі келтіретін жасырын сырқаттарын, өз-өзіне қол жұмсауға бейімдігін, табысы туралы, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері, қос азаматтығының бар болуы туралы мәліметтерді жасыруын немесе бұрмалауын анықтау міндетін көздейді», - делінген құжатта.
Одан бөлек, лауазымды тұлғаның сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауының, бөгде адамдарға құпия немесе қызметтік ақпарат беруінің фактілері тексеріледі.
«Қылмыстық, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапқа тартылу фактілері, тыйым салынған қоғамдық бірлестіктермен, қылмыстық және террористік ұйымдармен қатынас жасауын немесе егер бұл бұрын олардың қызметтік міндеттемелеріне кірмеген болса, коммерциялық құрылымдарға қатысуын, қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактілерін анықтау», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.