18 Маусым 14:52
...

«Күдікті қызметті» қаржылық бақылау органдары қадағалайтын болады

Қаржылық мониторинг агенттігі
Фото: ҚМА

Мәжіліс «қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.

Алматы, NEGE. Түзетулер салалық заңнаманы Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобы (ФАТФ) ұсынымдарына сәйкес келтіру үшін әзірленген.

Заң арқылы қаржылық мониторингтің жаңа субъектілері енгізіледі. Олардың қатарында ұялы байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бар. Сондай-ақ депутаттар бұл тізімде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қалдыруды да ұсынды.

Заң арқылы «күдікті қызмет» түсінігі енгізіледі. Ол трансферттердің жиілігімен, көлемімен және бағытымен анықталады. Мысалы, күн сайын бір есепшотқа бірдей сома аударылады. Мұндай мәмілелер тексеріледі және олар бойынша одан әрі жұмысты Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізеді. Бұл ретте қаржылық мониторинг субъектілері уәкілетті органға күдікті қызмет туралы хабарлар жіберуге міндетті.

Сонымен қатар түзетулер аясында «мінсіз іскерлік бедел» түсінігі күшейтіледі. Яғни, бұрын әрекеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға ықпал еткен жеке тұлғалармен байланысы бар кандидаттар енді қаржы ұйымының басшысы лауазымына үміткер бола алмайды.

Құжат аясында алғаш рет қаржылық мониторингке жататын сомасы 5 миллион теңгеге тең немесе одан асатын цифрлық активтермен жасалатын операциялар бойынша шек белгіленеді.

Бұл ретте мәдени құндылықтарды қолма-қол нысанда сатып алу (сату) операциялары бойынша қаржылық мониторингтің шекті мөлшері 45 миллион теңгеден 1 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Сарапшылар атап өткендей, кейбір заттардың құны төмен, бірақ мәдени немесе тарихи құндылығы жоғары болуы мүмкін. Бұл реттеу мұндай заттарды елден экспорттау тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған.