9 Қаңтар 11:56

Күдікті – анасы мен өгей әкесі: Жоғалып кеткен оқушы қыздың денесі Текелі тауынан табылды

Полиция
Фото: ғаламтордан

Талдықорғада жоғалып кеткен 14 жастағы қыздың мәйіті Текелі тауынан табылды.

Алматы, NEGE. 14 жастағы Карина Дорохинаның жоғалып кеткені туралы ақпарат полицейлерге 28 желтоқсанда түскен болатын. Каринаның жоғалып кеткені туралы алғаш рет әпкесі хабарлады.

Каринаның ата-анасы бірге тұрмаған. Мектеп оқушысы анасының және өгей әкесінің қолында болған, олардың Каринадан басқа ортақ үш баласы бар.

2023 жылдың желтоқсанында Жаңа жыл қарсаңында Каринаның Ресейде тұратын әжесі немересіне сыйлық беріп жібереді. Каринаның әпкесі қыз оқитын мектепке келеді, бірақ олар Каринаның көптен бері сабаққа қатыспағанын айтады. 

«Карина тұратын үйге келген мұғалімдер мен учаскелік инспекторға анасы қызын басқа мектепке ауыстырғанын хабарлайды.  Қыз ол жерде де жоқ болып шығады. Кейін анасы Каринаны Ресейге әжесінің жанына жібергенін айтады. Бірақ Карина ол жақта емес еді», - дейді әпкесі.

Шудан кейін ғана полицейлер Каринаны іздей бастайды. Қыздың бір тоқсан бойы сабаққа қатыспағаны анықталады. 

Қызының жоғалып кетуіне қатысы бар деген күдікпен анасы қамалады. Әйел қызын өлтіргенін мойындаған соң, олар қыздың денесін Текелі маңынан іздеген.

Жауап алу кезінде әйел қызын 6 қараша күні кешке өлтіргенін айтқан. Оқиға орын алған күні ол қызы екеуі Талдықорғанда күйеуі жалға алып тұрған техникалық қызмет көрсету станциясында болған. Жанжал кезінде әйел Каринаны арқанмен қылқындырып өлтірген. Қылмыстың ізін жасыру үшін ерлі-зайыптылар баланың денесін көлікке тиеп, Текелі тауларына апарып, көміп тастаған.

Қыздың денесі Текелі тауынан табылды. Оны сол жерге көміп тастаған. Мәйітті полицейлер, әскери қызметшілер мен еріктілерден тұратын іздеу топтары тапқан. Қазір жасөспірім көмілген жерде тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Кейінірек Каринаның анасы қызын шын мәнінде күйеуі өлтіргенін айтып, куәлігін өзгерткен. Кейінірек полиция қыздың өгей әкесін ұстады.

«Жасөспірім қараша айының басынан бастап сабаққа қатыспайтыны белгілі болды. Жедел-іздестіруді бастағаннан кейін полиция «қыз қылмыстың құрбаны болуы мүмкін» деген болжам жасады. ҚР ҚК 99-бабы «Кісі өлтіру» бойынша тергеу жүрді. Қылмысқа күдікті ретінде жасөспірімнің анасы мен өгей әкесі ұсталды», - деп хабарлады полиция.