«Құдай жазалады», «анамды құттықтаймын»: 2025 жылы мемге айналған шенеуніктер
2025 жыл қазақстандықтардың есінде елеулі оқиғалармен, саяси шешімдермен ғана емес, шенеуніктердің мемге айналған мәлімдемелерімен де есте қалды.
Биыл кейбір лауазымды тұлғалардың мәлімдемелері қоғамда әп-сәтте қызу пікірталас туғызып, күлкі мен кекесінге толы мемге айналса, енді бірінің айтқан сөзі халықтың ашу-ызасын тудырып жатты. Ендеше, 2025 жылы аңдамай сөйлеп, қоғам назарын аударған шенеуніктер кімдер?
«Анамды туған күнімен құттықтауға рұқсат етіңіз»
2025 жылы қоғам назарында болған тұлғалардың бірі депутат Ардақ Назаров еді. Мәжіліс отырысында ол анасын 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтауға рұқсат сұрап, жұртшылықтың қызу талқысына ілікті. Халық қалаулысының бұл қадамын біреулер орынсыз десе, енді бірі түсіністікпен қабылдады.
«Осында отырған барлық азаматтың артында әлемнің жарығын сыйлаған аналар тұр. Менің анашымның бүгін туған күні еді, 70 жасқа толып отыр. Құттықтауға рұқсат етсеңіз. Қадірлі анашым, сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің мейірімге толы жүрегіңіз бен жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім... Анашым, мен сізді қатты жақсы көремін, сіздің алдыңызда басымды иемін..!», – деп еді Назаров.
«Қызым, бұл қазақтың жері ме?»
Депутаттың Мәжіліс мінберінде анасын туған күнімен құттықтағаны сол-ақ еді, әлеуметтік желі қолданушылары іле-шала архивті ақтарып, оның бұған дейінгі сұхбаттарында айтқан сөздерін жариялап жатты. Сондай сұхбаттарының бірінде Ардақ Назаров Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Түркиядан елге оралған қазақ қариясы туралы әңгімесімен бөліскен. Депутаттың айтуынша, ұшақтан түскен ақсақал «қызым, мынау қазақтың жері ме?» деп бірнеше рет сұрап, жауабын естіген соң, бір уыс топырақты алып, жұтып жіберген.
@cinemaeddit #ардакназаров #ардакназаровтренд #ардакназаровдепутат #ардакназаровказахстан ♬ оригинальный звук - Films - Sss
Сол әңгімесіндегі «Қызым, бұл қазақтың жері ме?», «бір уыс топырақты алып, жұтып жіберген» деген сөздері әп-сәтте мемге айналып кетті. Бұл сөздер біраз уақыт әлеуметтік желіде трендтен түскен жоқ.
@erlanzhaksybek юмор😄 #ардакназаров #юмор_видео #втренде #рекомендации #топырақ ♬ оригинальный звук - Erlan Zhaksybek
«Телевизия жанып кеткен»
Ардақ Назаров бірнеше дүркін чемпион болғанын дәлелдейтін видеолардың не себепті жоқ екенін айтып, халықты күлкіге қарық қылғаны да бар.
«Менің күшті-күшті бойларым болған. Кейін мен оны сұратқанда, телевизия жанып кеткен ғой. Ойлаңызшы, бүкіл архив жанып кеткен! Сөйтіп, мен өзімнің күшті-күшті бойларымды ала алмай қалдым... 2009 жылы алғаш рет Америкаға барып төбелескен қазақтың бірінші баласымын. Чемпион болдым. Ешбірінің видеолары жоқ. Мен төбелесіп жатқанда қарсы бетті түсірген видеолар бар. Мен түспей қалғанмын», – дейді Ардақ Назаров.
Әлеуметтік желіде Ардақ Назаровқа қатысты мемге айналған видеолар мұнымен шектелмеді. Бұған дейін назардан тыс қалған осы мазмұндағы бірнеше бейнежазба қайта тарап, көпшіліктің талқысына түсті. Мысалы, «Қазақтың жұдырығы», «Майк Тайсон UFC көрмейтіндерді нағыз жігіт емес деп айтты» деген секілді видеолар.
2025 жылы Ардақ Назаров ажырасатын жұптарға салық салу туралы ұсыныс айтып, тағы да қоғам назарын аударды. Депутат ажырасуға өтініш қабылдар алдында біржақты арыздарға жоғары мөлшерде мемлекеттік баж енгізуді, сондай-ақ ажырасқан азаматтарға салынатын табыс салығын кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл бастама да жұртшылық арасында қызу пікірталас тудырды.
«Азық-түлікке айына 50 мың теңге жұмсайтын шығармыз»
Ал мамыр айында Ардақ Назаров өз отбасы азық-түлікке айына 50 мың теңгеге дейін қаражат жұмсайтын айтып, «картопты жарғаны» бар.
«Ет ауылдан келеді. Ал енді азық-түлікке көп ақша жұмсамаймыз, өйткені біз көп тамақ жейміз деп айта алмаймын. Қарапайым дастарқан, нанымыз бар, шәйіміз бар. Енді жақсылап алатын болсақ, 30-50 мың теңге айналасында шығар», – деген еді депутат.
Алайда оның бұл айтқанына халық келіспеді. Желі қолданушыларының айтуынша, қазір 50 мың теңге дүкенге бір кіргеннен артылмайды.
-
Тақырыпқа орай: Депутаттар портреті. Ардақ Назаров. «Терминатор»
Биыл Ардақ Назаровтың әрбір сөзі әлеуметтік желіде мемге айналып, шенеуніктер арасында көш бастады. Дегенмен, басқа лауазымды тұлғалар арасында да «айтылған сөзі атылған оқтай» әсер етіп, халықтың қызу талқысына түскендер де болды. Енді солардың не айтқанын тағы бір мәрте еске түсіріп көрелік.
«Азық-түлік бағасын білмеймін»
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов азық-түлік бағасы қанша екенін білмейтін болып шықты.
«Айта алмаймын. Үйдегі шаруаны әйелім атқарады. Мен дүкенге бармаймын. Азық-түлікті әйелім алып келеді. Менің банк картамның көшірмесі соның қолында. Сол себепті өзі еркін барып, керек-жарақты алады. Қанша ақша жұмсалатынын қадағаламаймын... Егер өз жарыңа сенбесең, ол қандай отбасы?» – деген еді Шолпанқұлов журналистерге.
Ұлттық банк төрағасы орынбасарының бұл сөзі жұртшылықтың жағасын ұстатты. Азық-түлік бағасы мен инфляцияны бақылауға тиіс лауазымды тұлғаның күнделікті шығыннан бейхабар болуы қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырады.
«Қымбатшылықтан соншалықты қиналған халықты көрмедім»
Каникулдан оралған депутат Ермұрат Бапи журналистерге Шығыс Қазақстан, Семей мен Алматы облыстарына жасаған сапарында қатты қиналып отырған елді байқамағанын айтып қалғаны бар.
- Тақырыпқа орай: Депутаттар портреті. Ермұрат Бапи. «Аватар»
«Қымбатшылықтан соншалықты қиналған халықты көрмедім. Әрине, қымбатшылық туралы әңгіме қай жерде болсын бар. Бірақ мен Шығыс Қазақстанда, Семейде, Алматы облысында болдым. Біраз жерде болдым. Сондай қатты бір қиыншылыққа тап болған халықты көрген жоқпын», – деді Бапи.
Депутаттың бұл жауабы жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды. Әлеуметтік желіде түрлі пікір жазылып, көпшілік халықтың нақты тұрмыс-тіршілігінен бейхабар депутатты сынға алды.
Іш киімін әлеуметтік желіде көрсеткен депутат
Биыл Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев киім салынған сөресін көрсетемін деп елдің сынына қалғаны бар.
- Тақырыпқа орай: Депутаттар портреті. Дәулет Мұқаев. «Тазша бала»
Үйінде телефонының камерасын қосқан депутат жатын бөлмесіне барып, былай дейді: «Ақтарсақ ақтарайық деп па. Мынау суырма... Біріншісінде менде мәйкілер жатады. Екіншісін толық ашпай-ақ қояйын, ішкиімдер, үшіншісінде – нәскилер».
Ол бұл видеосында киім-кешегін рет-ретімен, тәртіппен жинап қоятынын көрсеткісі келген болар. Алайда желі қолданушылары мұның депутатқа жараспайтын әрекет екенін айтып жатты. «Бұл кісі блогер болып жүре беруі керек еді, депутаттыққа бармай» деп жазғандар да болды.
«Астана мен Алматыда қоғамдық көліктің ақысы кемінде 500 теңге болуы қажет»
2022 жылы сұйытылған газдың қымбаттауына көңілі толмайтын адамдарды қоғамдық көлікпен жүруге шақырған мұнай-энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдинов биыл да қоғам назарын аударды. Бұл жолы ол еліміздің екі ірі қаласында автобуспен жүру ақысы 500 теңге болуы тиіс деген пікір айтты.
Байділдиновтің сөзінше, нарықта шынайы баға мен ашық бәсекелестік қалыптаспайынша, қоғамдық көлік сапасы жақсармайды.
«Егер әділ әрі тиімді жүйе құрғымыз келсе, тарифтерді нарық талабына сай қалыптастыруымыз керек. Астана мен Алматыда қоғамдық көліктің жолақысы кемінде 500 теңге болуы қажет», – деді ол.
Бұл пікір желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік Байділдиновтің бұл жолғы мәлімдемесін де қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретін сөз деп бағалады.

Даулы ұсынысынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Байділдиновтің қымбат киімдерін де сынға алып, үстіне Guccі мен Louis Vuitton-ның киімдерін киіп түскен суреттерін мемге айналдырды.
«Да вы что?»
Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Сенат кулуарында армиядағы өлім-жітім мен зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты сұрақтарға пікір білдіремін деп, көпшіліктің ашуына тиді. БАҚ өкілдері министрден Қазақстанда «ай сайын немесе тіпті апта сайын» сарбаздардың қаза табатынынан хабардарсыз ба деп сұрады.
«Да вы что? Солдаты? Да вы что?» – деп жауап берген еді министр мысқылдап.
Журналистер Қосановтың мұндай реакциясына таңырқап, неге күліп тұрғанын түсіндіруді сұрап жатты.
«Зорлайды дейсіздер ме? Ондай фактілерді беріңіздер! Фактілерді көрсетіңіздер! Сіздер дәлелсіз айтып тұрсыздар. Біз командирлермен жұмыс істейміз, психологтармен жұмыс істейміз. Камера орнатамыз, пресс-турлар ұйымдастырамыз. Барлық тәртіптің сақталуы үшін қолдан келгенін жасап жатырмыз», – деді министр.
Ал мұның алдында қайғыдан қан жұтқан аналар Астанада митинг өткізіп, Қорғаныс министрлігіне барған еді. Олар ұлдарының өліміне қатысты істердің әділ тергелуін және әскерде реформа жасалуын талап етті.
Министрдің бұл мысқылы әлеуметтік желіде отырған халықтың ашу-ызасына тиді. Желі қолданушылары: «Балалар әскерге сау күйінде аттанып, табытпен қайтып жатыр. Ал министр болса, «да вы что?» деп мысқылдайды. Бұл сонда не болғаны?» – деп пікір жазып жатты.
«Мүгедектігі бар адамдарды Құдай жазалап қойған»
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов Талғар ауданының тұрғындары және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың қатысуымен өткен ресми кездесуде айтқан сөзінен кейін басы дауға қалды.
Халықпен кездесу барысында Есболатов аңдамай сөйлеп: «Мүгедектігі бар адамдарды құрметтеңіздер, Құдай оларды онсыз да жазалап қойған. Құдай бастарыңызға салмасын, қол-аяқтарыңыз, мүшелеріңіз түгел. Ауру емессіздер», – деген еді.
Видео әлеуметтік желілерде жылдам тарап, жұртшылық оны кемсітушілік ретінде қабылдады. Көпшілік облыс әкімінің орынбасарына сөгіс жариялап, ел алдында кешірім сұрауын талап етті. Қоғамдық резонанстан кейін Есболатов халықтан кешірім сұрап, сол сәтте ойын дұрыс жеткізе алмағанын алға тартты.
Алайда депутаттар Талғарда мүгедектігі бар адамдарды қорлаған әкім орынбасарын қызметтен босатуды талап етті. Олардың айтуынша, мұндай сөздер үшін жай кешірім сұрау жеткіліксіз.