7 Қазан 16:10
...

«Құдайдың үйі» сатылмақ

Фото:

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы Новорыбинка ауылында «құдай үйі» – шіркеу аукцион арқылы сатылуға шығарылды. Бастапқы бағасы – 3 782 450,00.

Өкілетті орган – сатушы ретінде Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының экономика және қаржы бөлімі көрсетілген. Сату туралы хабарлама Мемлекеттік тіркеу реестрінің веб-порталында жарияланыпты. Аукцион тәртібі бойынша, кім көп ақша ұсынса, шіркеу соған сатылмақ.  

Бұл шіркеудің хәлі мүшкілдеу. Күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді талап етеді. Аумағы – 660 шаршы метр. 

Жалпы, мұндай үрдіс батыс Еуропада кең таралған. Әсіресе, Франция, Англия және Германияда құлшылық жасаушылар болмағандықтан, сатылып кеткен сан ғасырлық тарихы бар ғибадатханалар аз емес.  «Құдай үйі» бір күннің ішінде көңіл көтеретін орындарға, тіпті гомосексуалдар бас қосатын жерге айналып шыға келген. Сондықтан исламофобтардың наразылығына қарамастан дін қызметкерлері  «жын-ойнаққа айналдырғанша» шіркеулерді мұсылмандарға мешіт ретінде пайдалануы үшін сатуды жөн көреді. 

Түркия Президенті Ердоған көне ғимарат – бір кездері православ дінінің бас шіркеуі болған Ая Софияны мұражай мәртебесінен айырып, мешіт жасауға пәрмен берген. Бүкіл Еуропа бұған қарсы өре түрегелгенде, грек діндарлары арасында «асыл ғибадатханамызда шорты киген туристер жүргенше, мұсылмандардың құдайға құлшылық еткені артық» деп баға бергендері де бар.

Шіркеудің не үшін сатылып жатқаны белгілі, ал енді оны сатып алған адам неге айналдырады? Мешіт жасай ма, әлде басқа мақсатқа пайдалана ма, әзірге ол жағы белгісіз.    

Тегтер: