Құдайберген БЕКІШ «билетін күштеп сатты» деген әңгімеге қатысты жауап берді
ЕКІШ те бар. Бірақ Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет МҰҚАЕВ билеттерді білім бөлімінен күштеп алдырып жатқанын жазды.
Айтуынша, шенеунікке аталған жайтты Іле ауданына қарасты мектептердің бірінің қызметкері жеткізіпті. Мұның рас-өтірігін тілшіміз әншінің өзінен сұрады.
– Жуырда өтетін концертіңізге дайындық қалай?
– Биыл менің кәсіби өнерде жүргеніме 40 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде күндеп-айлап гастрольдете жүріп, талай ел мен жер көрдік. Жоқтықты да, тоқтықты да өткердік. Қиналған кездері пайда табу мақсатында өзге салаға да кетіп қалған жоқпын. Әйтеуір өнермен өрмелеп келе жатқан жайым бар. Сондықтан осы уақыт ішінде репертуарымда жиналған туындыларды халыққа ұсынсам деген ниетім болды.
Алдағы 27 желтоқсан күні Құрманғазы концерт залында болатын кеште соңғы уақытта жазған жаңа әндерім шырқалады, ал үлкен концертті келер жылдың мамыр айында Республика сарайында өткізсем деп отырмын.
Мұның алдында туған жерім Сыр елі мен Астанадағы конгерсс-холда есеп беріп, тыңдармандарымды қуантып қайттым.
– Алматы облысы, Іле ауданына қарасты білім бөліміндегілер сіздің концертіңізге билетті мәжбүрлеп алғызып жатыр дегенді айтты. Осыдан хабарыңыз бар ма?
– Оның бәрі өтірік әңгіме. Біреуді концертіме күштеп апартатын жағдай менде болған емес.
– Бәлкім, бұл билет сатқыш пысықайлардың тарапынан туындаған мәселе болар?
– Өз басым мұны фейк деп есептеймін. Өнер адамы болған соң артымыздан аз сөз ермейді. Ол да қызық шығар. Кейде «тоқалың бар, сен оңбағансың» деп те жазып жатады. Соларға қаратып, «бәлкім мен жайлы кітап жазарсыңдар» деймін. Бұл әңгіме де сондай кезекті қауесеттің бірі шығар.
– Жалпы өзіңіз білім мекемесіне биелттерді өткізіп беруін өтініп пе едіңіз?
– Мен Іле ауданына барған да емеспін, қатысым да жоқ. Алматының қақ ортасында болып жатқан кешке Іле ауданы тұрғындарының қандай қатысы бар. Осы жағы өзіме де түсініксіз.
– Шағымданушының сөзін алға тартқан шенеунік билеттің он мың теңгеден екенін айтыпты. Мұны халықтың қалтасын көтере ме, қалай ойлайсыз?
– Билеттер құны 1000-10 000 теңге арасында. Залдың өзі 400 кісілік болса, соның ішінде санаулы орынға 10 000 теңге деп жазылған. Мен арнайы пайда табу мақсатында аншлагпен де концерт өткізіп жатқан жоқпын. Әркім қалауынша келеді. Мәселен, Респблика сарайында өтетін кештердің билеті 25 мың теңгеге дейін барады. Қалаған адам алады, барады. Құны мың доллар тұратын шетелдік әншілердің концертіне де өзіміздің қаракөздер барып жүр.
Жуырда бір танысым америкалық рэпердің кешіне 160 мың теңгелік билет алып, барыпты. «Басыңа алтын қалпақ кигізіп жіберді ме?» десем, «өзіміздің әншілерден артықшылығы жоқ екен, көңілім толмады» дейді.
Негізі концерт өткізудің жүгі жеңіл емес, ән жазу, киім тіктіру, барлығы дерлік қып-қызыл шығын. Сондықтан Қазақстанда концерт жасап, байыған әншіні көрмеппін.
– «Еңбек сіңірген қайраткері» деген дардай атағыңыз бар. Осыған орай залды жалға алу ақысына болсын қандайда бір жеңілдік бар ма?
– Ешқандай жеңілдік жоқ. Халыққа деген құрметім есебінде жиған-тергенімді салып жатқан жайым бар. Ал мемлекеттің еңбегімді елеп-ескеріп осы атақ пен «Құрмет» орденін бергеніне де шүкір.
– Қырық жыл аз емес уақыт. Өткенге өкініш жоқ па?
– Мен өнерге адалмын. Бірақ адам толыққанды өмір сүру үшін оның жеке өмірі болу керек. Ол – ағайын-туысың, ата-анаң, достарың және отбасың, жақын жандар. Осылардан бақыт тапқанда барып қана өнеріңмен өрістейсің. Ал менің өкінішім – әкемнің өмірден ерте кеткені болды. Өз қолым өз аузыма жеткенде анам мен әпкерлерімнен айрылып қалдым. Сондықтан өте қиын жағдайларды өткердім. Осы күнге еңбек пен қып-қызыл маңдай тердің арқасында қол жеткіздім. Егер барлығын бір кезеңмен алмастыратын құдірет болса, қазіргі жетістігімді бір сәт анамның қасында болып, бетінен бір сүйетін шақпен ауыстыра салар едім. Ата-анамның қызығымды көре алмай кеткені жаныма батады...