ҚТЖ мен Қожамжаровтың компаниясы арасындағы келісім Ақордадан келген хаттан кейін әшкереленді

Қожамжаровтың компаниясы мен ҚТЖ еншілес кәсіпорны арасындағы сөз байласу Президент Әкімшілігінен келген хаттан кейін әшкере болды.
Алматы, NEGE. Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау агенттігі «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» компаниясы мен майлау материалдарын жеткізуші HILL арасында бәсекелестікке қарсы келісім жасалғанын анықтады. HILL компаниясы танымал бизнесмен Дулат Қожамжаровқа тиесілі.
Аталмыш істі тергеу ергеу Президент Әкімшілігінен түскен материалдардан кейін басталды.
Nege.Aqsha телеграм каналының анықтауынша, бұл тергеу Президент Әкімшілігінен 2023 жылғы 11 наурызда бәсекелестікті қорғау саласындағы заң бұзушылықтарға қатысты ақпарат түскеннен кейін басталған.
Ресми құжатта бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзу белгілері анық көрсетілген. Атап айтқанда, ҚТЖ ЖТ компаниясы балама жеткізушілерге дискриминациялық тәсілдерді қолдану арқылы, HILL компаниясының пайдасына майлау материалдары нарығындағы бәсекелестікті шектейтін жағдайлар жасаған.
2021-2023 жылдар аралығында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» мен HILL арасында жалпы сомасы 17,2 млрд теңгеге 13 келісімшарт жасалған, оның ішінде алтауы бір көзден сатып алу әдісімен жүргізілген.
Тергеу нәтижесінде, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» Қожамжаровтың компаниясының мүддесін қорғап, басқа өндірушілердің, соның ішінде «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия» мен Evooil компанияларының нарыққа кіруін шектегені анықталды.
Мысалы, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-ға HILL компаниясынан мотор майын сатып алуды ұсынған. Бұған дейін зауыт «Лукойл» М-14Д2 майын қолданған, алайда бұл өзгеріс негізсіз болған, өйткені тепловоз өндірушісі Wabtec Corporation осы майлардың араластырылуына рұқсат берген.
«HILL-дің «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-мен келісімшарт жасауына қолдау көрсету туралы өтініші және осыған байланысты «ҚТЖ – Жүк тасымалының» ұсынған ұсынысы компания мүдделерін қолдау фактісін айқындайды», – делінген құжатта.
Сонымен қатар, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» сатып алу процедураларын бірнеше рет өзгертіп, HILL үшін ыңғайлы жағдай жасаған.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» мен HILL арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімнің салдарынан мемлекеттің болжамды шығыны 2,3 млрд теңге болды», – деп көрсетілген ресми есепте.
Қожамжаровтың компаниясы ҚТЖ-ның еншілес кәсіпорны өз бетінше шешім қабылдады деп мәлімдеді. Олар тергеу қорытындыларын сот арқылы жоққа шығаруға тырысқанымен, сот АЗРК-ның іс-әрекетін заңды деп таныды.
Дулат Қожамжаров – бұрынғы Бас прокурор және сенатор Қайрат Қожамжаровтың туған бауыры. Forbes Kazakhstan оның байлығын 110 млн доллар деп бағалан. Ол елдегі ең бай кәсіпкерлер тізімінде 57-орында.