КҚК-ға жасалған шабуылдардың салдары Қазақстан экономикасына қалай әсер етті?
Қазақстан экономикасы Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) мәселелерге байланысты мұнай өндіру мен экспорт көлемінің төмендеуінен 1,7 трлн теңге кірістен қағылған. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, КҚК-дағы мәселелер, соның ішінде өрттер және геосаяси жағдай мұнай өндіру көлеміне әсер еткен. Соның салдарынан экспорт көлемі де азайған.
Бастапқыда 105 млн тонна мұнай өндіру жоспарланғанымен, қазіргі жағдайды ескере отырып, болжам 96 млн тоннаға дейін төмендеген.
Мұнай өндіру көлемінің азаюы экспорттық кеден бажы мен мұнай экспортының қысқаруы есебінен бюджетке шамамен 200 млрд теңге кем түсуіне әкеп соқты.
«Жанама әсері де бар. Әсіресе Батыс өңірлерінде мұнай өндіру көлемі азайса, осы салаға қызмет көрсететін сервистік компаниялардың да түсімі төмендейді. Тағы бір үшінші әсер бар. Бұл – сол салада жұмыс істеп, жалақы алатын халық та ақшадан қағылады», – дейді Әмрин.
Оның сөзінше, осы факторлардың барлығын ескерсек, мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты экономикаға 1,7 трлн теңге кем түседі.