27 Қазан 12:51
...

Ксения Собчак полицейлерді алдап, Ресейден кетіп қалды

Фото:

Бопсалау ісі бойынша күдіктіге айналған журналист Ксения Собчак Ресейден асығыс кетіп қалған. 

Алматы, NEGE. Собчактың коммерциялық директоры Кирилл Суханов бопсалау бойынша қамауға алынған болатын.

Үйіне тінту жүргізіліп, қамауға алынғанға дейін Ресейден кетіп қалды делінген Ксения Собчак өзінің коммерциялық директоры Кирилл Сухановтың қылмыстық ісіне қатысты пікір білдірді.

Собчактың «Кровавая барыня» арнасында жарияланған түсініктемеде директорының кінәлі емес екендігін, тіпті өзіне тағылған күдіктің шындыққа жанаспайтынын жазған. Ол бұл істің журналистикаға жасалған қысым екендігін түсіндірген.

«Оған «бопсалады» деген айып тағып жатыр. Кімді? Неге? Қандай Ростех? Құдай үшін, бұған Чемезовтің қандай қатысы бар?» - деп жазылған жазбада. 

Собчактың айтуынша, ол «бұған мүлде сенбейді» және «бәрі тез арада реттеледі» деп үміттенеді. Ал егер олай болмаса, бұл «редакцияға жасалған қастандық», «Ресейдегі еркін жазатын редакцияның көзін жою» дегенді білдіреді.

Ксения Собчактың саяжайына тінту жүргізілген.  Сол уақытта ол Литва шекарасынан жаяу өтіп үлгерген. Енді Собчакқа іздеу жариялануы немесе сырттай бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін дейді адвокаттар.

Белгілі болғандай, Собчак Литваға Беларуссия арқылы қашып кеткен, ол шекараны жаяу кесіп өтуге мәжбүр болған. Тінту басталғанға дейін бірнеше сағат бұрын Ксения Анатольевна полицейлерді шатастыру үшін әуе билеттерін сатып алған. 

Тергеу мәліметінше, ұсталғандардың кімнен және қанша ақша бопсалағаны сотта белгілі болды. Іс материалдарына сәйкес, «Ростех» басшысы Сергей Чемезовті бопсалағаны айтылады. Тергеушінің айтуынша, Ксения Собчактың коммерциялық директоры және басқа да айыпталушылар Чемезовтени «Тушите свет» Telegram арнасындағы жазбаларды өшіруі үшін 11 миллион рубль талап еткен. 

«Суханов аталған соманың 800 мыңын алған, ол бұл ақшаны «заңсыз алу» бойынша өз кінәсін мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады», - деп атап өтті тергеуші.

Ксения Собчакты жауапқа тарту әрекеттері бұған дейін де болған. 3 қазанда полиция оның әрекетінен мемлекеттік билік туралы жалған ақпарат тарағанын байқап, қылмыстық іс қозғау үшін РФ Тергеу комитетіне материалдар жіберген. Оның режиссер Владимир Манскиймен болған сұхбатында айтылған «фестивальдерді мемлекеттік қаржыландыру туралы» фактілерін жалған ақпарат деп тапқан. 

– Ксения қауіпсіздік мақсатында, қамауға алынбау үшін елден кеткен шығар. Менің ойымша, ол бәрін жақсы түсінді, осылай болатынын біліп, оған алдын-ала дайындалды. Ал директорының ұсталуы оған соңғы белгі болды, – деді адвокат Алексей Гавришев. 

Адвокаттың болжамынша, Істің саяси тағдыры анықталмайынша, журналист Ресейге оралмайды.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Собчак 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тегтер: