«Крышаң» болса Қытайдан. Құлыбаевтарға Altyn Bank НЕГЕ керек?
Осы аптада қаржы нарығы «Тимур мен Динара Құлыбаевтар Алтын банкті толығымен сатып алды» деп бір дүрлікті де, артынан оның жәй заңнамалық формалды қадамдар екені анықталды. Жалпы Altyn Bank үлесін ұстап отыру Құлыбаевтарға қаншалықты тиімді?
«Altyn Bank» АҚ акционерлерінің құрамы және олардың меншік үлесі өзгерген жоқ. China CITIC Bank Corporation – 50,1%, China Shuangwei – 9,9% және Halyk Bank 40% акция ұстап отыр. Бір сөзбен айтқанда, «Алтын банктің» 60 пайызы – қытайларда, 40 пайызы – Құлыбаевтарда.
«Алтын Банк» – Құлыбаевтың азды-көпті пайда әкеліп жатқан санаулы активтерінің бірі. Тимур Асқарұлының мұнай, жанармай саласындағы көптеген бизнесінде қиындықтар туындап жатқанда, оның банк бизнесі ғана тұрақты түрде кэш әкелуде. Құлыбаевтар империясының алтын тәжі – Halyk Group десек, сол тәждің бір жауһары – бұрынғы HSBC, қазіргі Altyn bank.
Altyn bank 2023 жылы өз табысын 10 миллиард теңгеге арттырып, нәтижесінде 34 миллиард теңге таза табыс алды.
Осы табыстың 20 миллиарды – қазынашылық операциялардан, 11 миллиард теңгесі бөлшек кредиттеуден келген. Бизнесті несиелеу бар-жоғы 2,4 миллиард теңге алып келді.
Былтыр «Алтын банк» өз акционерлеріне 14 миллиард теңге дивиденд төледі. Оның 5,6 миллиард теңгесі «Халық банкке», қалғаны қытайлық акционерлерге аударылды.
«Алтын банктегі» үлестірілмеген таза кіріс 112 миллиард теңге шамасында. Ал активтерінің көлемі 888 миллиард теңгеден асады.
Сондықтан Тимур мен Динара Құлыбаевтар иелік етіп отырған «Халық банк» бұл күлшеден айрылады деп болжау қиын. Қытайлық акционерлер де «Алтын банктегі» үлесін сату бойынша әңгіме қозғаған жоқ.