«Креслосыз» қалған Әшімбаев: саясаткердің ықпалы әлсіреді ме?
23-24 қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жаңа құрылымның төрағалығына бұрынғы Мәжілістің спикері Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды.
Астана, NEGE. Жыл басынан бері қолға алынған саяси реформалар билік жүйесіне жаңа институттар мен жаңа тұлғаларды әкелді. Десе де, ең жауапты әрі жоғары саяси лауазымдарға мемлекеттік басқаруда тәжірибесі мол, саяси салмағы бар тұлғалар келді. Ерлан Қарин вице-президент болып тағайындалды, Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы атанды, ал Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Саяси ортада осы жоғары лауазымдардың бірі Мәулен Әшімбаевқа берілуі мүмкін деген болжамдар да айтылды. Алайда ол вице-президент те, Құрылтай немесе Халық Кеңесінің төрағасы да болған жоқ.
Бұл Мәулен Әшімбаевтың саяси ықпалы әлсіреді дегенді білдіре ме? Әлде Ақорда оны әзірге басқа саяси міндеттер үшін сақтап отыр ма? Осы сауалдарды саясаттанушы Шыңғыс Ергөбекпен бірге талқыладық.
Шыңғыс Ергөбек, ҚазҰӨ академиясының баспасөз қызметі
Ақорданың «тепе-теңдік» тактикасы
Мәулен Әшімбаев – соңғы жиырма жылда Қазақстанның саяси және идеологиялық бағытына ықпал еткен тұлғалардың бірі. Екі палаталы Парламент таратылғанға дейін ол Сенатты басқарып, ресми саяси иерархияда Президенттен кейінгі екінші тұлға саналды.
Саясаттанушы Шыңғыс Ергөбектің пікірінше, Әшімбаевтың бұл жолы жоғары лауазымдардың біріне тағайындалмауын оның саяси салмағының әлсіреуі деп қабылдауға асықпау керек.
«Мәулен Әшімбаевтың ешбір лауазымға тағайындалмауын оның саяси ықпалының әлсірегенінен гөрі, Мемлекет басшысының билік ішіндегі тепе-теңдікті сақтауға бағытталған тактикалық қадамы деуге болады», – дейді Шыңғыс Ергөбек.
Сарапшы соңғы кадрлық өзгерістерді билік ішіндегі ықпал мен жауапкершілікті қайта бөлумен байланыстырады. Оның айтуынша, жаңа саяси құрылымда негізгі тұлғалардың қызметі өзгергенімен, олардың жүйедегі салмағы өзгерген жоқ.
«Соңғы кадрлық өзгерістер биліктің әртүрлі эшелонындағы негізгі фигуралардың жаңаруымен ерекшеленіп отыр. Осы тұрғыдан Дәдебай мен Қариннің позицияларының өзгеруі – саяси картадағы елеулі өзгерістердің бірі. Ал Қошановтың Халық Кеңесіне келуі билік архитектурасының белгілі бір дәрежеде өзгеріп, элита ішіндегі саяси тепе-теңдіктің қайта қалыптасқанын көрсетеді», – дейді саясаттанушы.
Саяси ықпалы әлсіреді ме?
Мәулен Әшімбаев – Тоқаев тұсындағы саяси реформаларға белсенді араласып, Президент бастамаларын көпшілік алдында қолдап келген саясаткерлердің бірі.
Шыңғыс Ергөбектің пікірінше, оның қазір ресми қызмет атқармауы саяси және қоғамдық процестерден шет қалды деген сөз емес. Сарапшы Әшімбаевтың өзі де мемлекеттік қызметті тек лауазыммен байланыстырмайтынын бұған дейін айтқанын еске салады.
Ергөбек Әшімбаевты билік жүйесі үшін тәжірибесі мен саяси білімі бар кадр деп бағалайды және оның алдағы уақытта қайтадан жоғары қызметке келу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
«Әшімбаев – Ақордамен ашық қақтығыстағы фигура емес. Оның әлі де ықпалды екені жасырын емес, алдағы жоспарлары да болуы мүмкін. Сондықтан жақын арада ол саяси ресурс ретінде белгілі бір позицияға келуі ғажап емес. Себебі ол Қаңтар оқиғасы кезінде де, өзге дағдарысты жағдайларда да Президенттің жанынан табылды. Сол себепті оның Президенттің ең жақын саяси резервінде тұрғанын аңғаруға болады», – дейді саясаттанушы.
Әшімбаев енді қайда баруы мүмкін?
Сарапшы бірнеше ықтимал бағытты атайды.
Біріншісі – сараптамалық бағыт. Ергөбектің айтуынша, Әшімбаев институционалдық зерттеулер мен идеологиялық мәселелерге бұрыннан жақын. Сондықтан ол Президент жанындағы стратегиялық зерттеу құрылымдарының біріне немесе жаңа сараптамалық институтқа жетекшілік етуі мүмкін.
Екіншісі – ішкі және сыртқы саясатты талдау бағыты. Сарапшы институционалдық реформалардан кейін жүйелік өзгерістер кезеңі басталуы мүмкін екенін айтады. Мұндай жағдайда мемлекеттік басқаруда тәжірибесі бар және ішкі-сыртқы саяси процестерді білетін кадрларға сұраныс артуы ықтимал.
Үшіншісі – Ақорданың саяси резерві. Ергөбек саяси жүйедегі кадрлық өзгерістер мұнымен аяқталмайтынын айтып, Әшімбаевтың алдағы саяси кезеңдердің бірінде қайтадан жоғары деңгейдегі қызметке келуін ықтимал сценарийлердің бірі деп атайды.
Шыңғыс Ергөбектің пікірінше, Мәулен Әшімбаевтың қазіргі ұстанымы түбегейлі өзгереді деуге негіз жоқ. Оның әзірге жоғары лауазымсыз қалуы карьерасының аяқталғанын емес, Ақорданың үлкен саяси шахматындағы уақытша тактикалық амалын білдіруі мүмкін. Ал жаңа билік жүйесінде оған қандай рөл берілетіні уақыт өте келе айқындалмақ.