28 Маусым 10:40
...

Кредит ставкасынан күйді. «Даму» қорының жағдайы НЕГЕ алаңдата бастады?

Даму
Фото: Фото: Nege.kz

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 2023 жылдың аудиттелген қаржылық қорытындысын жариялады. Мемлекетке қарасты қор Яндекстен 2,5 есе аз салық төлеген. Ал таза кірісі 2022 жылдың көрсеткішінен 13,3 миллиард теңгеге кем болып шықты. НЕГЕ?

Жылдан жылға «Даму» қорының жағдайы дамудың орнына нашарлап барады. Былтыр инфляцияның өршіп, тиісінше базалық ставканың жоғары болуы қорға ауыр соққы болып тиді.

Даму
Фото: Nege.kz

Себебі, оның екінші деңгейлі банк несиесін субсидиялайтын, кепілдендіретін міндеттемесі біршама артқан. Нәтижесінде қордаланған қаржы мен оның эквиваленттері 182 миллиард теңгеден 124 миллиардқа дейін кеміп, 60 миллиард теңгеге азайды. Сонда қор активтері бір жылда 5 миллиард теңгеге кеміп, 125 миллиард теңге болып қалды.

Даму
Фото: "Даму" АҚ 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: PWC

«Даму» қорының 2023 жылғы таза кірісі – 38,6 миллиард теңге. Ал 2022 жылы пайда 51,9 миллиард теңге болатын. Негізі былтыр Даму жақсы таза проценттік маржа алған еді.

Тек нарықтан төмен ставкамен жұмыс істейтіндіктен, қаржы құралдарының әділетті құнын шығарып қайта есептегенде 19,5 миллиард теңге жоғалтты. Қор 2023 жылы 402 миллиард теңге сомасына кәсіпкерлер алған несиенің 85 пайызын жабатын гарантия берген.

Даму
Фото: қаржылық есеп

«Даму» қорынан мемлекетке келетін тікелей пайда азайып барады. Қор 2021 жылы үкіметке қарасты акционері «Бәйтерек» холдингіне 17,5 миллиард теңге, ал 2022 жылы 13,4 миллиард теңге төлеген еді. Биыл беретіні одан да аз болып шығуы мүмкін. Себебі, 51 миллиард табыс алған 2022 жылы қор 13,4 миллиард дивиденд аударғанын ескеру керек.

Былтыр «Даму» қоры мемлекетке 8,7 миллиард теңге салық төледі. Алпауыт ұлттық компания үшін бұл өте аз. Яндекстің өзі бір жылда 53 миллиард теңге салық төлеп отыр.

Дәл осы кезде қордың шығындары бір жылда 600 миллион теңгеге артып кеткен. Тиімділік төмендей бастаған кезде әкімшілік шығындардың артуы жағымсыз сигнал болып отыр. 2023 жыды «Даму» қоры әкімшілік шығындарға 4,4 миллиард теңге жұмсады.