Көзіне қаламсап тығып алған... Баланың әкесі «Қазақстан халқына» қорынан көмек сұрайды

NEGE тілшісіне айтып берді.
«Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында тұрамыз. Балам осындағы Әбдікерім атындағы орта мектептің 4-сыныбында оқып жүрген еді. 2021 жылдың 16 ақпан күні баламды әдеттегідей мектепке шығарып салдым. Түскі сағат 12-де сынып жетекшісі хабарласты.
Барсақ, баламның көзін қан жауып кеткен. Мектеп директоры да, тәрбие жөніндегі орынбасары да орнында жоқ. Сынып жетекшісі де әрі қарай сабағын жалғастыра берген. Содан дереу Қатонқарағай аудандық ауруханасына апардық. Тіпті, баламның көзін шығарған сыныптасының ата-анасы да бейқамдық танытқан.
Солардың орнында болсам «біреудің баласына зақым тимеді ме екен?» деп шыр-пыр күйге түсер едім. Сөйтіп, әйелім ауданнан жедел жәрдеммен Өскемендегі Ана мен бала орталығына алып кетті. Алғашқы ота төрт сағат жасалды. Он күн жатты. Наурыз айында жібін алғызған кезде көзінің 25 пайызы ғана көреді деген қорытынды шығарды», – дейді баланың әкесі Серік Әкімбаев.
«Еркеғали үйге келген соң мектеп ұжымы 66 мың теңге жинап берді. Сынып жетекшісі 100 мың теңге әкелді. Оны да алғым келмеді. Баспалдаққа қойып кетіпті. Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділоваға арыз жаздым. Ол «мектеп директоры мен мұғалімге айыппұл салынды» деді. Білім сапасын бақылау департаментін де құлағдар еттім. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» ғой. «Кінәлі тарап баланың ем-дом шығынын төлеп берсін» деп прокуратураға арыз жазды, жауып тастайды, Ішкі істер органдарына жазам, ол жақта да жауып тастайды.
Бұл жерде баланы соттатайын деген ешкім жоқ. Бар мәселе – кінәні мойындап, адамгершіліктен аттауда. Бір қынжылтарлығы, көзін жарақаттаған баланың ата-анасы ота жасалған ұлымның жағдайын бізден емес, орталықтан біліп отырды», – дейді шырылдаған әке.
Еркеғалидың әкесі мектеп директоры Гүлжанат Нұрмышованың да бала денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, бірауыз қал-жағдайын сұрамағанын айтады.
«Бүкіл Қатонқарағай ауданының мұғалімдері 300 мың теңге жинап берді. Сосын көзін шығарған баланың ата-анасы 300 мың берді. Қордан 400 мың теңге жиналды. Сол ақшаның бәрін балаға жұмсадық. Өйткені, бес рет ота жасалды. Барлық чек менде сақтаулы.
«Қазақстан халқына» қорына сәуір айында өтініш жібердік, әзірге ешқандай жауап жоқ. Содан кейін білім басқармасына «Қазақстан халқына» қорына басқарма атынан 5-6 миллион теңге сұрап көрейік дедім. Көмек беруден тартты.
Биыл Қатонқарай ауданындағы 34 мектептің ұжымы бірігіп 700 мың теңге жинап қойған екен. Білім басқармасының басшысы «ақшасын жиып қойғанбыз, алып кетсін» депті. Сонда өздері баланың жағдайын білуге аяғы жетпеді ме? Осы сөзді естіп, баланың әкесі ретінде қатты қорландым. Неге баланың есепшотына аудармайды? Сол арқылы есебін беріп тұрамын ғой.
Бала құқығын қорғау мекемесінің басшысы Гүлшахрат Қадырқызына хабарласып сұрасам, «Сіз өзіңіз алмаймын» депсіз. Содан кейін 700 мыңды қайта тарата салдық. Мен еңбек демалысында жүрмін, мазаламаңыз» деп дүрсе қоя берді», – дейді Серік Әкімбаев.
Жанын шүберекке түйген әке мектеп директорын орнынан алуды талап етеді.
«1 қыркүйек білім күні балаларымды мектепке апаруға қорқамын. Сап-сау жүрген баламның көзі мынадай болды. Қолымда 80-ге келген әкем мен 76 жастағы анам бар. Шешем көзден, әкем құлақтан қалған. Ұлымның көзін жарақаттаған баланың отбасының қолы қысқа болса, бірсәрі. Мыңғырған малы бар. Баламның көзіне ота жасауға көмектессе, жолы еді ғой.
Ертең ер жеткенде «Әке, ақшаңды аядың ба? Неге емдетпедің?» деп айта ма деп қорқамын. Нан пісурімен айналысатын шағын наубайханамыз бар еді. Баланы емдетеміз деп әрі-бері шапқылап, жұмыс та тоқтап қалды. Қазір әке-шешемнің зейнетақысына ғана күн көріп жүрміз», – дейді ол.
Еркеғали Алматыдағы Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында жатыр. Өткен аптада ота жасалған. Көз – нәзік нәрсе. Бала тұрмақ, ересек адамның өзі жай кірпік түссе де, мазасызданып кетеді. Бұл оның бесінші отасы. Оған дейін Ресейдің Новосібір қаласына екі рет барса да, ота жасауға қаражат жетпей қайта келген. Қазір баланың сол көзі 2 пайыз ғана көреді.
«Ұлымның арманы – «Жас ұлан» мектебінде оқып, әскери маман атану еді. Енді міне, оны әскерге де алмайды. Сап-сау жүрген балам 3-топ мүгедегі болып қалды. Көз ауруларын емдейтін талай орталыққа бардық. Бірақ ешқайсысы кепілдік бермейді. Ендігі бар үміт – Санкт-Петербург қаласының мамандарында. Мұнда бару үшін кем дегенде 7 миллион теңге керек екен. Қайырымды, мейірімді жандар көмектессе, баламның көзінің 50 пайызын сақтап қалсақ деген әкелік арманым бар», – дейді көзіне жас алған әке.
Айтпақшы, бұл мәселе бойынша Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасына хабарласуға тырыстық. Алайда, мұндағы мамандар дәл қазір жауап бере алмайтынын жеткізді. Ал Оқу-ағарту министрлігі бұл жайттан хабардар екенін және істі қарауды қай мекеме құзыретіне алғаны туралы кейіндеу түсініктеме беретінін айтты.
РЕКВИЗИТ:
8778 975 10 26 Серік А. – әкесі
Карта нөмірі: 4400 4302 8874 1397 – Serik Akimbayev