30 Шілде 09:16
...

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қайта жөнделеді

Фото:

 Түркістандағы «Әзірет-Сұлтан» тарихи-мәдени мұражай-қорығы қайта жаңғырады. Қазір бұл кешен жабық. Онда құрылыс жүріп жатыр.

Алматы, NEGE. Бірнеше дәуірдің мәдениетін біріктіру үшін нысанның архитектуралық кескін-келбеті қайта жасақталады. Ауқымды құрылыс аясында қаланың басты тарихи нысаны – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі де қайта жөнделеді. Карантиндік шараларға байланысты ел бойынша жабылған бірқатар мәдени нысандармен бірге Қожа Ахмет Яссауи кесенесі де келушілер үшін жабық. Қазір мұнда әдеттегідей қаптаған туристердің орнына құрылысшылар мен сәулетшілер келіп, тарихи құнды нысанды қайта қалыпқа келтіруге күш біріктірген. Басты мақсат – сан түрлі мәдениетті біріктірген нысанның жаңа келбеті мен құндылықтарын сақтап қалу.

ҚР Мәдени және спорт министрлігінің департамент директоры Күміс Сейітова: "Егер жай құрылыста күнделікті цемент қолданса, мұнда цемент емес, өздері зертханада жасап шыққан сұйықтық пайдаланады. Сондықтан бұл өте күрделі және қомақты жұмыс" деді. 

 Бүгінде кесененің күмбезі толық жаңартылған. Ұзақ уақыт реңін сақтау үшін арнайы вентеляциялық жабындымен боялыпты. Енді ғұламаның жатқан бөлмесі мен қасындағы хандар жиын өткізген сарай да реконструкциядан өтеді. Жөндеу жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспары бар.

«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры м.а. Ерсін Тәжібаев: "Бұл уақыттарда кесене толық бітпеген. ӘмірТемір өлген соң таққа таласу басталды. Бұл кесене құрылысы әр ғасырда жүріп отырды. Қазір сақталған кесене көріп тұрғандай қайта жаңартылып, жаңаша рең қалыптасады" деді.

Жергілікті билік аз уақытта «Әзірет-Сұлтан» тарихи-мәдени орталығының келбеті тіптен басқаша болады деп отыр. Жалпы алғанда көне шаһардың 18 мәдени ошағы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуде. Бұдан бөлек, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңында ботаникалық бақ ашып, этноауыл бой көтереді деген болжам бар. Ал, қазір қазба жұмыстары жүріп жатқан Күлтөбе деп аталған ескі қаланың орны ашық аспан астындағы музейге айналмақ.

Тегтер: