1 Шілде 18:01

Қожа Ахмет Ясауи университеті мен Манас атындағы қырғыз-түрік университеті арасында ортақ Сенат мәжілісі өтті

 Ясауи университеті
Фото: Ясауи университеті

Бүгін Қырғызстанда Қожа Ахмет Ясауи университеті мен Манас атындағы қырғыз-түрік университеті арасындағы ортақ Сенат мәжілісі өтті.

Түркістан, NEGE. Еске салайық, 2023 жылдың күзінде Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х Саммитінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы «Түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз (менталитет) – ортақ» деп айтты.Түркі әлемінде өзіндік орны бар халықаралық оқу орнымыз Мемлекет басшысының аталмыш бастамасына бірден қолдау білдіріп, бауырлас елдер арасындағы білім-ғылым, сондай-ақ қоғамдық бағыттағы интеграцияны дамытуға белсенді кірісті.

Манас атындағы қырғыз-түрік университетімен өткен ортақ жиын да өзара бірліктің айқын нышанына айналып отыр. Сенат отырысында Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбекова бастаған делегацияның қатысуымен Қырғызстанда өтті.

Екі университет арасындағы басқосуда күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Әрі екі университеттің оқытушы-профессорларының арасындағы ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы мәселе қарастырылды.

Сонымен қатар:

– Қос оқу орда оқытушы-профессорлары мен ізденушілерінің өзара келісім негізінде бір жылға немесе одан да көп уақытқа академиялық алмасу мәселесі;

– Ғылыми-зерттеу жұмыстары бағытында ғылыми мақалалар, жарияланымдар, ғылыми журналдар және басқа да материалдарды ортақтаса отырып шығару (жариялау); 

– Екі университет тарапынан белгіленген мерзім бойынша бакалавр және жоғары білімнен кейінгі бағдарлама білімгерінің өзара алмасуы; 

– Екі университеттің арасында ортақтаса отырып семинар, курс, панель және басқа да ғылыми мәжілістер өткізу; Ғылыми-зерттеу жұмыстары бағытында ақпарат, мақала, ғылыми журнал және басқа да материалдарды алмасу;

– Спорт, өнер және мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда ынтымақтастық мәселелері сөз болды.

Жиын соңында ректор Жанар Темірбекова мен Манас атындағы қырғыз-түрік университетінің ректоры Алпаслан Жейлан аталған мәселелер бойынша ынтымақтастықта, жоғары нәтижелі ортақ іс атқаруға келісті.