Козачков ісі: Мәжіліс депутаттары не дейді?

Екі күн бұрын Қаржы мониторингі агенттігі журналист Михаил Козачковты ұстады. Ресми мәліметке сенсек, оған «ұйымдасқан қылмыстық топқа көмектесті, рейдерлік жасады, мемлекеттік құпияны жариялады» деген ауыр айыптар тағылып отыр.
NEGE тілшісі белгілі журналистің ұсталуына қатысты Мәжіліс депутаттарының пікірін сұраған еді.
Дархан МЫҢБАЙ:
Тағылған кінәні дәлелдей алмаса, бұл – журналистке жасалған қиянат
– Меніңше, оның ісімен толық танысу керек. Егер ол шындықты жазғаны үшін ұсталса, ол – дұрыс емес. Ал егер басқа да бір істерге қатысы болса, ол – басқа әңгіме.
Шынымды айтсам, анығын білмеймін. Өзіме де қызық. Бұл істі сот билігі заңның шеңберінде жақсылап зерттеп, «Қылмыстық топқа қатысы бар» деген айыпты нақты дәлелдеуі керек.
Егер дәлелдей алмаса, ол журналиске жасалған қиянат болады. Оның титтей де бір қылмысы болмаған жағдайда, тек қана сөз жазғаны үшін қылмысқа тартуға болмайды ғой. Сот шешеді бәрін. Дәл қазір айтуға ерте.
Еділ ЖАҢБЫРШИН:
Соттың шешімі шықпай жатып, ешкімді қылмыскер деуге болмайды
– Қандай адам болсын, мейлі ол Козачков, сен немесе мен болсам да, айыпты деп тану үшін соттың шешімі керек. Соттың шешімі шықпай жатып, ешкімді қылмыскер деп айтуға болмайды. «Кінәсіздік презумпциясы» деген бар ғой. Ол кісінің кінәлі не кінәсіздігін жүріп жатқан іс көрсетеді. Оған дейін оны тек күдікті деп қарау керек.
Онымен араластығым жоқ, ісімен де таныс емеспін. Қандай себептермен ұсталғанын жариялады. Ресми жарияланған мәліметтен басқа ештеңе білмейміз. Сондықтан күтейік.
Шынында да, Козачков кінәсіз болса, ешқандай қылмыстық негіз табылмаса, қорғаушылары оны дәлелдеп шығуы керек. Бізде солай болу керек қой. Біреу айтты екен деп біреуді жауып тастауға болмайды, біреу айтты екен деп шығарып алуға да болмайды.
Азат ПЕРУАШЕВ:
Журналист өзінің құқын қорғауға қақылы
– Мейлі ол саясаткер, мейлі журналист болсын кез келген азамат заңды бұзбауы тиіс. Козачковқа да қатысты солай. Заң бұзылмауы керек.
Оның өзін қорғауға, кінәсіздігін дәлелдеуге құқығы бар. Мен де бұл жағдайды сырттай бақылайтын боламын. Бұл туралы телеграм арнамда да жаздым.
Тағылып отырған айып өте ауыр. Бірақ журналист өзінің кәсіби позициясы мен өзінің азаматтық пікірін қорғауға қақылы екенін айтқым келеді.