8 Қаңтар 09:26
...

Қойшылар мен бақташылар зейнетке ертерек шығуы мүмкін

pixabay.com
Фото: pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрлігі қойшылар мен бақташылар үшін зейнет жасын төмендетуді ұсынды.

Астана, NEGE. Министрлікте агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, салалық құрылымдардың, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың өкілдері 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті дамытудың кешенді жоспар жобасын талқылады.

«Құжатта саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету бойынша шаралар көзделген. Мал шаруашылығы өкілдерін әлеуметтік қолдау мәселелері де қарастырылған, оның ішінде қойшылар мен бақташылар үшін зейнеткерлік жасты төмендету, олардың балаларына білім беру гранттарын басым тәртіппен бөлу, әскер қатарына шақыруды кейінге қалдыру ұсынылады», – делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ құжатта мал шаруашылығын қаржыландыру тетіктерін қалыптастыруға баса назар аударылған. Атап айтқанда, жануарлардың барлық түрлері бойынша асыл тұқымды малды сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын іске қосу көзделген.

Айналым қаражатын толықтыру үшін мал шаруашылығының ішкі салаларына шектеу қойылмай, 5% мөлшерлемемен кредит беру тетігін енгізу жоспарлануда. Қаражат жем-шөп сатып алуға, жанар-жағармай материалдарына, ветеринариялық препараттарға және басқа да өндірістік шығындарға бағытталуы мүмкін.

Пайдаланылмай жатқан жайылымдардың әлеуетін іске қосу мақсатында көшпелі (отгонды) мал шаруашылығын дамыту үшін 6% мөлшерлемемен бірыңғай кредиттік өнім құру көзделген. Барлық кредиттік бағдарламаларды өсімдік шаруашылығында қолданылатын тетіктерге ұқсас «Даму» институты арқылы мемлекеттік кепілдік жүйесімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.