17 Желтоқсан 12:01
...

Костенко шахтасындағы жарылыс: апелляциялық соттың қаулысы шықты

pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 46 адам қаза болған Костенко шахтасындағы жарылыс фактісі бойынша қылмыстық істі қарады. 

Астана, NEGE. 17 желтоқсанда сот алқасы шахтаның басшылығы мен техникалық қызметкерлерінен тұратын он адамға қатысты шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. 

«Сот алқасы сотталғандар мен олардың адвокаттарының шағымдары бойынша келіп түскен қылмыстық істі қайта қарап, апелляциялық тәртіппен бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бірінші сатыдағы соттың үкімі заңды күшіне енді», – делінген Қарағанды облыстық соты таратқан хабарламада.

Айта кетейік, 2023 жылғы 28 қазанда Қарағандыдағы Костенко шахтасында жарылыс болып, 46 кенші қаза тауып, жиырмадан астам адам түрлі дене жарақатын алған еді.

Осы оқиғадан кейін шахта басшылары мен инженерлік-техникалық қызметкерлерді қоса алғанда, он адам сотқа тартылды. Оларға Қылмыстық кодекстің екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу бабы бойынша айып тағылды.

Биыл 15 тамызда осы адамдарға қатысты Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық сотының үкімі шықты. Сот үкімімен шахта директоры Сергей Мустивкоға 8 жылға, шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Вадим Ерёминге 7 жылға, бас инженер Николай Грозновқа 7 жылға, №6 учаске бастығы Виктор Коптенковға 7 жылға, техникалық қызметтің қазу жөніндегі бас инженерінің орынбасары Владимир Гонноченкоға 6 жыл 6 айға, еңбек қауіпсіздігі жөніндегі бас инженердің орынбасары Дмитрий Федоренкоға 6 жылға, бас механик Дмитрий Коцарға 6 жылға, учаске бастығының шаң-жарылысқа қарсы қорғау жөніндегі көмекшісі Виталий Пестрякқа 6 жылға, конвейерлік көлік учаскесінің бастығы Төлеген Ғабдушевке 5 жылға, желдету және еңбек қауіпсіздігі учаскесінің бастығы Владимир Шишкановұа 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.