Қостанайда ернін үлкейткісі келген әйел ота жасаған маманды сотқа берді
Қостанай қалалық сотында сапасыз ерін пластикасынан зардап шеккен әйелдің ақшалай қаражатты қайтару және моральдық зиянды өтеу жөніндегі арызы бойынша азаматтық іс қаралды.
Астана, NEGE. Сот мәліметінше, 2024 жылы Қостанай тұрғыны хейлопластика (ерін пластикасы) отасын жасатып, қызмет ақысы ретінде маманға 120 мың теңге төлеген. Операция нәтижесіне көңілі толмағандықтан, әйел бір жылдан кейін тағы 90 мың теңге төлеп, ерніне пластикалық ота жасатқан. Алайда екінші ота да оның көңілінен шықпай, ақшасын қайтарып алу үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған.
Уәкілетті орган жүргізген тексеру кезінде хейлопластика жасаған маманның «Пластикалық хирургия» мамандығы бойынша сертификаты мен медициналық қызметпен айналысуға арналған лицензиясы болмай шыққан.
Бұған қоса сот-медициналық сараптама қорытындысы операциялар кезінде тіндердің шамадан тыс алынуы салдарынан әйелдің жоғарғы ернінде тыртық пайда болғанын растаған.
«Сот жауапкердің тиісті бейіндік білімі мен лицензиясы болмай тұрып медициналық қызмет көрсеткенін, сондай-ақ медициналық құжаттаманы рәсімдемегенін, соның салдарынан талапкердің денсаулығына зиян келтірілгенін анықтады», – делінген сот мәлімдемесінде.
Осылайшы әйелдің арызы ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден оның пайдасына 210 мың теңге операциялар ақысы, 700 мың теңге моральдық зиянның өтемақысы және 457 мың теңге сот сараптамасын жүргізуге жұмсалған шығын өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.