Қостанай облысында жоғалып кеткен қыз табылды

Қостанай облысында полицейлер жоғалған қызды іздеп тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. Қостанай облысында дамуында ерекшелігі бар 14 жастағы қызды іздеуге бағытталған ауқымды жұмыс сәтті аяқталды. Федоров ауданы Успенов ауылынан үйінен шығып кеткен баланы полицейлер, құтқарушылар, волонтёрлер, әскери қызметшілер және ауыл тұрғындарының күшімен аман-есен тауып, анасымен қауыштырды.
24 қыркүйек кешкісін Федоров аудандық полиция бөліміне алаңдаған анасы қызының жоғалғаны туралы арызданды. Әйелдің айтуынша, туғаннан бері сөйлеу қабілеті бұзылған әрі дамуында ерекшелігі бар қыз үйінен белгісіз бағытқа кетіп қалған. Бала үйден жеңіл киімде шыққан, бұл кешкі салқын мен ауа райын ескергенде іздеуді едәуір қиындатты.
Оқиға орнына дереу барлық жедел қызмет жұмылдырылды. Полиция, ТЖД, қызметтік иттері бар кинологтар, "Регион 10", "Барс", "ДОС" ерікті іздестіру-құтқару жасағы, сондай-ақ мұғалімдер, әкімдік өкілдері және ауыл тұрғындары тартылды. Түнде шамамен 300 адам ауылды, маңайдағы егістік пен орман алқаптарын түгел қарап шықты. Таңғы беске қарай іздеуге Қостанай, Қостанай ауданы мен Рудныйдан қосымша күштер жіберілді. Әскери бөлім 66/97-нің 100 әскери қызметшісі жұмылдырылды.
Таңертең іздеуге 500-ден астам адам қатысты, ұшқышсыз ұшу аппараттары, жылуіздегіш құрылғылар мен техника қолданылды. Операция Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасарлары Нұрбол Саден мен Аманжол Байзақовтың жеке бақылауымен өтті.
Ондаған гектар аумақты қамтығанына қарамастан, іздеу бір минутқа да тоқтатылған жоқ. Таңғы сағат 8 шамасында ауылдан екі шақырым жердегі орман белдеуін тінту барысында төрт полицейден құралған топ қызды байқап қалды. Адамдарды көргенде ол әуелі қашпақ болды, алайда кейін тоқтап, өз еркімен полицейлерге қарай шықты. Санаулы минуттардан соң қыз анасымен аман-есен қауышты.