Қостанай облысында 9 автокөлік жол жиегіне түсіп кетті

Қостанай облысында полиция жол жиегіне түсіп кеткен 9 автокөлікті шығарды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. Қолайсыз ауа райы азаматтарды әбігерге түсірді. Қостанай қаласында, сондай-ақ Қостанай, Меңдіқара және Фёдоров аудандарында таңертеңнен бастап қар аралас жаңбыр жауды. Ауа температурасының нөлден жоғары болуына қарамастан, жолдарда көлік жүргізуге қар мен судың араласуы, бірқатар жол-көлік оқиғасына себеп болды. Ауа райының нашарлауына байланысты патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет тәртібіне көшті.
Ерекше назар Қарабалық ауданына бағытталған KAZ-03 Қостанай – Алматы – Екатеринбург республикалық автожолына аударылды. Таңғы сағат 6:00-ден 10:00-ге дейін жол шетіндегі сайдан тоғыз автокөлік шығарылды. Мәселен, жолдың бір учаскесінде Alphard және Volkswagen көліктерінің жүргізушілері рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кеткен. Оларға патрульдік полиция қызметкерлері көмектесіп, қасынан өтіп бара жатқан жүк көлігі мен бейжай қарамаған жүргізушілердің көмегімен көліктерді қар құрсауынан алып шықты. Сонымен қатар тәртіп сақшылары профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы және қала маңындағы жол аймақтарында жүргізушілерге нашар көріну жағдайында және тайғақ жолда жол ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы ескертулер жасалды.
Бұдан бөлек, қатты жел кезінде полиция қызметкерлері көліктерді ағаштарға жақын қоймауға шақырды. Тек бүгіннің өзінде полицияға осындай 10 хабарлама түсті. Мысалы, Абай даңғылындағы тұрғын үй ауласында Exeed автокөлікке ағаш құлаған. Ұқсас жағдай Павлов көшесінде де болып, JAC көлігіне зиян келтірген. Екі жағдайда да полиция қызметкерлері материал жинап, келтірілген шығынға баға берілуде, нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады.