Қостанай елдің тәтті тағамдар астанасына айналуда: «Баян сұлу» жаңа жобаны іске қосты
Қостанайда өңірдің тамақ өнеркәсібіндегі ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Баян Сұлу» АҚ-ның «Кондитерлік астана» жаңа технологиялық кешені іске қосылды.
Астана, NEGE. Жоспарланған кеңейту жұмыстары мен қосымша өндірістік желілерді орнатуды ескергенде, жобаға салынатын инвестиция көлемі 14,6 млрд теңгеден 20 млрд теңгеге дейін артады. Бұл өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтіп, облыстың тамақ өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін береді.
Қостанай облысы әкімдігі
«"Кондитерлік астана" жобасын жүзеге асыру Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындаудағы маңызды қадам. Облыс үшін жергілікті шикізатты барынша пайдалану, терең өңдеуді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және экономикалық тиімділігі жоғары өнім өндіру аса маңызды. Мұндай жобалар өңір экономикасын нығайтып қана қоймай, оның өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, биыл Қостанай қаласында жылына 40 мың тоннадан астам макарон өнімдерін шығаратын зауыт пайдалануға беріледі. Лисаковск қаласында қуаты жылына 350 мың тонна болатын май экстракциялау зауытының құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта Рудный қаласында жылына 415 мың тонна астықты терең өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Мұнда өндірілетін биоэтанол тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіруге арналған шикізат ретінде пайдаланылмақ. Сондай-ақ Бейімбет Майлин ауданында қуаты жылына 300 мың тонна болатын майлы дақылдарды сақтау және өңдеу кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
Осы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде астықты өңдеу қуаты болашақта шамамен 1 млн тоннаға артып, жылына орта есеппен 3 млн тоннаға жетеді.
Майлы дақылдарды өңдеу көлемі де айтарлықтай ұлғаяды. Жаңа жобаларды ескергенде, өңірдегі майлы дақылдарды өңдеудің жиынтық қуаты жылына 650 мың тоннаға дейін жетеді.
Жалпы, аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде облыстың өңдеуші кәсіпорындарының өндірістік қуаты 50 пайызға артады.
"Баян Сұлу" АҚ-ның жаңа кешені кәсіпорынның жылдық өндірістік қуатын 16,6 мың тонна кондитерлік өнімге арттырады. Жоба толық қуатына шыққаннан кейін кәсіпорын жыл сайын 68 мың тоннаға дейін өнім өндіретін болады.
Осының нәтижесінде Қостанай облысы кондитерлік өнім өндіру көлемі бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің біріне айналады.
Кондитерлік өнімдер – жай ғана азық-түлік емес. Олар әрдайым адам өміріндегі қуанышты сәттермен байланысты. Дастарқанға тәтті тағам қойылғанда, онымен бірге ерекше көңіл-күй де келеді. Балалардың күлкісі, үлкендердің қуанышы, мерекелік көңіл-күй мен отбасылық жылылық қатар сезіледі.
Жаңа "Кондитерлік астана" кешені сапалы әрі сұранысқа ие өнім өндіретін кәсіпорын ғана емес, Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі миллиондаған адамға қуаныш сыйлайтын өндіріс ошағына айналсын», – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Қостанай облысы әкімдігі
Жаңа өндірісте бисквит өнімдері мен печенье шығаруға басымдық берілген. Бұл ретте кәсіпорын отандық ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемін арттырады. Мұның пайдасы тек өндіріс саласымен шектелмей, өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне де тиеді.
Отандық нарық үшін бұл бағыттың маңызы зор. Өйткені кондитерлік өнімдер нарығының едәуір бөлігін әлі де импорттық өнімдер құрайды. Өндірістік қуаттың артуы «Баян Сұлуға» отандық өнім көлемін ұлғайтып, ассортиментті кеңейтуге және қазақстандық өндірушілердің нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
Қостанай облысы әкімдігі
Жоба аясында 260 жаңа жұмыс орны ашылады. Алайда оның облыс экономикасына берер әсері мұнымен шектелмейді. Шикізатты өңдеу көлемінің артуы, жаңа іскерлік байланыстардың қалыптасуы, экспортты ұлғайту және өндіріс саласын одан әрі дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер пайда болады.
Жаңа өндірістік қуаттар экспорт көлемін арттыруға да жол ашады. Осылайша, бір инвестициялық жоба бірнеше маңызды міндетті қатар шешуге мүмкіндік береді. Олар – өндіріс көлемін ұлғайту, отандық шикізатты терең өңдеу, халықты жұмыспен қамту және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Қостанай облысы әкімдігі
Кәсіпорын үшін жаңа кешен – дамудың кезекті кезеңі. «Баян Сұлу» АҚ Басқарма төрағасы – Президенті Тимур Садықов атап өткендей, өндірістік қуатты кеңейту – тек кәсіпорынға салынған инвестиция ғана емес, сонымен қатар компанияның брендін сапа мен дәстүрдің символы ретінде одан әрі нығайтуға бағытталған қадам.
«Біз тұтынушыларымыздың сүйікті тәттілерін бұрынғыдан да көп көлемде ұсынуға ұмтыламыз», – деді Тимур Садықов.
«Кондитерлік астананың» іске қосылуы – бір кәсіпорынның өндіріс көлемін ұлғайтумен шектелмейтін, өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды қадам. Қостанай облысы үшін бұл – жаңа өндірістік қуаттар, жұмыс орындары және отандық шикізатты терең өңдеу мүмкіндігі. Мұның барлығы өңір экономикасының тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін нақты нәтижелер.
Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі қазірдің өзінде байқалады. Бүгінде Қостанай облысы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі бойынша елімізде бірінші орында тұр.