Қостанайда жолды қалыпқа келтіруге 44,9 млрд теңге жұмсалады
2020 жылы Қостанай облысының автожолдарын қалыпқа келтіруге 44,9 млрд теңге жұмсалады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы және 2020-2025 жылдарға арналған жобасы қаралған болатын.
Бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтыламақ. Оның ішінде республикалық жолдардың 4 мың шақырымында құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі, 1,5 мың шақырымы толық жөнделсе, 4 мың шақырым жергілікті маңыздағы жол ретке келеді.
Ал Қостанай облысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 515 шақырым тас жол жөндеуден өтеді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиевтың айтуынша, осы жылы жол инфрақұрылымы шеңберінде 281 жоба жүзеге асырылады.
Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша – 18,5 млрд теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында – 20,3 млрд теңге, «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы мен жергілікті бюджеттен 6,1 млрд теңге қарастырылған. «Барлығы 517 шақырым жол жөнделеді. Бұған 44,9 млрд теңге жұмсалады. Жол жөндеу нысандарын жауапкершілігіне алатын мердігер ұйымдар анықталды.
Қазір 105 нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Бағдарлама аясында 4982 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 2491 адам алынды.
Жөндеу жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу үшін қала және аудан әкімдері мердігерлік ұйымдармен бірлесіп жұмыс жүргізудің күнтізбелік кестелерін әзірледі», – дейді басқарма басшысы.