24 Қараша 17:59

Қостанайда 4 млрд теңгеге салынған мұз аренасына қатысты дауға кім кінәлі?

Фото:

Қостанайда құны төрт миллиард теңге тұратын мұз сарайының төңірегінен дау сейілмеді. Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында словакиялық компаниямен бірлесіп салынған болатын.

Қазір жаңа мұз айдынының жұмысы тоқтап тұр. Словакиялық мердігер мемлекет тарапынан қолдау болмағанын, сол себепті  қажетті шығындарды көтере алмайтынын айтқан. Алғашында мұз сарайы алты жыл бойы жеке меншікке сенімгерлік басқаруда болады делінген. Тұрғындардың айтуынша, ескі мұз сарайы да жарамсыз болып қалған. Мұндай даудың туындауына кім жауапты? Мәселе қалай шешіледі? 

NEGE тілшісі қойған сауалға Орталық коммуникациялар алаңында Қостанай облысының әкімі Құмар АҚСАҚАЛОВ жауап берді. 

Фото: ОКҚ

Облыс әкімінің айтуынша, қазір бұл мәселе шешімін тауып жатыр. 

«Жаңа салынған мұз айдынының қожайындары словакиялық компанияның басшылығымен кездестік. Олар қалған жұмыстарын толығымен бітіріп, нысан облыстық коммуналдық шаруашылықтың меншігіне берілетін болады. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, балалар жаңа мұз айдынын толығымен пайдалана алады. Ескі мұз айдынына келетін болсақ, жуырда ата-аналармен кездестім. Ол жерде де біраз сұрақ қойылды. Ең алдымен жөндеу жұмыстарына келесі жылдың бюджетінен тиісті қаражат бөлініп, ол мұз айдыны да қалпына келтіріледі. Ата-аналармен кездескен кезде де осындай уәде бердім», – деді Құмар Ақсақалов. 

Сонымен қатар облыс басшысы мемлекет тарапынан ешқандай шығын шықпағанын атап өтті.

«Мердігердің өз ақшасымен салынған нысан. Жалға беріп, олардың ақшасын бізден алып тұруға жоспары болған еді. Ондай жоспарларынан бас тартып, нысанды бізге беретін болды», – деп атап өтті облыс әкімі.  

Тегтер: