Қосшыда спорт кешенінде 10 жастағы қыз көз жұмды
Жаттығу кезінде жағдайы күрт нашарлаған баланың өліміне байланысты тергеу басталды.
Астана, NEGE. Астана маңындағы Қосшы қаласында қайғылы оқиға тіркелді. Қоғамдық мәдени-спорттық кешенде өткен жаттығу барысында 10 жастағы қыз бала көз жұмды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жаттығу кезінде баланың денсаулығы кенеттен нашарлаған. Марқұм бронхиалды астма диагнозымен диспансерлік есепте тұрған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылғанымен, дәрігерлер жеткенше баланың жағдайы күрт ауырлап, көрсетілген медициналық көмектен нәтиже болмады.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 29 қаңтар күні сағат 16:18-де жедел жәрдем қызметіне баланың басы ауырып, жүрегі айнығаны жөнінде шақырту түскен. Алғашқы кезде өміріне тікелей қауіп төндіретін белгілер анықталмағандықтан, шақырту 4-ші төмен деңгейлі жеделдік санатына тіркелген.
Алайда арада аз уақыт өткен соң баланың жағдайы күрт нашарлағаны туралы екінші хабарлама келіп түскен. Осыдан кейін шақырту жедел түрде жоғары санатқа ауыстырылып, оқиға орнына арнайы жедел жәрдем бригадасы жіберілген.
«Шақырту сағат 16:34-те қабылданып, сол мезетте мобильді бригадаға берілген, 16:35-те жолға шыққан, ал оқиға орнына 16:37-де жеткен. Кейіннен науқастың жағдайы нашарлағаны туралы қайта қоңырау түскен, осыған байланысты 16:34-те шақырту жеделдіктің 2-санатына қайта рәсімделіп, №4 бригадаға жолданған. Бригада оқиға орнына келген кезде баланы анасы мен әпкесі жедел жәрдем көлігіне қолына көтеріп әкелді. Осы жағдайға байланысты медицина қызметкерлері шұғыл түрде реанимациялық шараларына бірден кірісті», - деп мәлімдеді денсаулық басқармасы.
Дәрігерлер шұғыл реанимациялық шаралар жүргізгенімен, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Биологиялық өлім жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін тіркелген, нақты себебі әзірге анықталған жоқ.
Аталған факті бойынша Ақмола облыстық полиция департаменті оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын бастады.
«Кәмелеттік жасқа толмаған қыздың қайтыс болу фактісі Қосшы қаласының полиция бөлімінде тіркелді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады», - деп хабарлады.
Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде тұрғындар жедел жәрдем қызметінің жұмысына қатысты наразылық білдіріп жатыр. Қосшы қаласында жедел жәрдемнің кешігіп келетіні, бригадалар санының аздығы және шақыртуларды жеделдік санатына бөлудің жөнсіздігі көпті әбігерге салатын көрінеді.



Сондай ақ, тұрғындар баланың өмірі үшін шешуші сәтте медициналық көмек дер кезінде көрсетілмегенін айтып, жауапты органдардан жедел жәрдем қызметінің жұмысына кешенді тексеру жүргізуді талап етіп отыр.