Коспаев қылмыстық тобының ісінде Кеңес Рақышевтің де есімі аталды

Елдос Коспаевтің қылмыстық тобына қатысты қылмыстық істің бір эпизоды — «AV-Construction» ЖШС-нің рейдерлік жолмен басып алынуына қатысты болды.
Алматы, NEGE. Бұл компания кәсіпкер Алмас Абдығаппаровқа тиесілі. Компания Алматы қаласындағы «Esentai City» элиталық тұрғын үй кешенінің құрылысымен айналысқан.
Іс материалдарына сәйкес, құрылыс жүргізілуі тиіс жер учаскесі бастапқыда Кеңес Рақышевке тиесілі болған.
Сотта берген жауабында Абдығаппаров 2015 жылы серіктесімен бірге «Esentai Townhouse» тұрғын үй жобасын іске асыра бастағанын айтқан. Бұл кешен Parmigiano мейрамханалар желісі арқылы жарнамаланып, сол арқылы клиенттер тартылған. Жарнаманы көргендердің бірі — сол кезде «Казкоммерцбанк» директорлар кеңесінің төрағасы болған Кеңес Рақышев.
Рақышев ол кезде Esentai Mall-дың қарсы бетіндегі 46 гектар жер телімінің иесі екенін айтқан. Абдығаппаров бұл жерге «Esentai City» тұрғын үй кешенін салуды ұсынады. Жоба таныстырылымын көріп, есептермен танысқаннан кейін, Рақышев мәмілеге келісімін берген.
«2016 жылдың қыркүйегінде олар жерді сатып алу-сату бойынша алдын ала келісімшартқа қол қойған. Бұл келісім бойынша 31 гектар жер тікелей сатып алынған, ал қалған 15 гектар жер үшін банкке арналған кеңсе ғимараттары салынуы керек болған», — делінген іс материалдарында.
Бұл жобаның кейінгі тағдыры бұған дейін айтылған. 2018–2022 жылдар аралығында Коспаевтың тобы AV-Construction компаниясын бақылауға алып, «Esentai City»-ден 133 тұрғын және коммерциялық нысанды өздеріне, туыстарына және байланысы бар тұлғаларға нарық бағасынан төмен бағамен сатып жіберген. Компанияға келген шығын — 4,6 млрд теңге.
Осы мүліктерге ие болғандардың қатарында Назарбаевтар әулетінің мүшелері мен Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі де бар.