12 Мамыр 11:40
...

Қосымша №7. «Jusan bank» НЕГЕ Шигео КАТСУҒА жомарттық танытты?

Фото:

Jusan bank 2022 жылдың аудиттелген қаржылық есебін жариялады. 2021 жылға қарағанда, банк табысы кәдімгідей өскен. Оның алдында банк мемлекеттен қаржылық қолдау алғандықтан, акционерлерге заң бойынша дивиденд төленбеді. Тек директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу қомақты сыйақы алған.

Шигео Катсу. Nazarbayev University Президенті, "Jusan bank" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. Фото: Nazarbayev University

Катсуға қанша ақша төленді? Ол туралы құжаттар ашық деректерде жоқ. Бұл мәселе 2 мамыр күні өткен «Jusan bank» акционерлерінің жалпы отырысында шешілген.

Акционерлер отырысының хаттамасына көз салсақ, Шигео Катсуға №6 қосымшаға сәйкес 2019 жылдың қорытындысы бойынша сыйақының қалған бөлігін, №7 қосымша бойынша 2022 жылдың  сыйақысын төлеуге шешім қабылданған.

"Jusan bank" АҚ 2022 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: KPMG

Өткен жылдары Jusan bank өз басшыларын ақшалай сыйақымен ғана емес, сондай-ақ акциялармен де марапаттаудың бағдарламасын қабылдаған болатын. Қаржылық есептілікке көз салсақ, 2021 жылы шамамен 1,9% акцияның осы мақсатта жұмсалғанын көре аламыз. Тек осы акциялардың барлығын Шигео Катсу алды ма, ол жағы белгісіз.

Осы 1,9% акциялардың сол кездегі нарықтық құны 4,3 миллиард теңге болған. Егер бұл үлестен дивиденд төленетін болса, Шигео Катсудың 4,71 миллиард теңге пайда табу мүмкіндігі бар. Ол кем дегенде 10 миллион доллар. Себебі, Jusan Bank-тің 2021 және 2022 жылдардағы қордаланған кірісі 247 миллиард теңгеге жетіп отыр.

Бұл – банктің директорлар кеңесінің табысы. Ал басқарманың жағдайы нешік? Аудиттелген есепке сай, 2022 жылы Jusan bank басқармасы мүшелеріне 828 миллион теңге жалақы, бонус ретінде берілген. Банк басқармасының 2020 жылдары өзіне 15 миллиард теңге төлеткені есте. Оған қарағанда, бұл жолғы алғандары тым аз болып көрінеді.

Jusan bank 2022 жылы 111,5 миллиард теңге таза кіріс тапты. 2021 жылы табыстары 47,5 миллиард теңге болғанын ескерсепк, банктің тиімділігі екі есе артқанын байқауға болады. Қазір банк активтері 3,1 триллион теңгеге, міндеттемелері 2,5 триллион теңгеге жеткен. Банктің қаржылық жағдайы тұрақты.

Назарбаевтың қаржылық топтары Jusan bank үшін соңына дейін күреспек. Себебі, ол – активтер ішіндегі ең майлы шелпек. Прокуратура Jusan bank-тің шетелдік компанияға өтіп кетуін заңсыз деп тауып сотқа арызданса, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген «New Generation» қоры өз кезегінде АҚШ сотына арызданып отыр. Яғни, екі елде Jusan bank үшін таласқан екі түрлі сот жүріп жатыр.

Тегтер: