Көшпенділер ойыны: 9 қыркүйекке арналған жарыс кестесі жарияланды
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының екінші жарыс күні басталды. Бүгін жарысқа қатысушылар спорттың 7 түрінен сынға түседі, деп хабарлайды NEGE тілшісі.
Тартысты сайыс көкпар, дәстүрлі садақ атау, аударыспақ, мас-рестлинг, асық ату, кураш және қазақ күресінен өтеді.
Көкпар
Барша жұрттың тақымын қысып, асыға күткен көкпар ойынында 9 мемлекеттің спортшылары қатысып, 104 спортшы өзара бақ сынайды. Жарыс «Қазанат» ипподромында өтеді.
Дәстүрлі садақ ату
Спортшылар «Арғымақ» ат-спорт кешенінде дәстүрлі садақ атудан жарысқа қатысып, нағыз мерген анықталмақ. Әлемнің 33 елінен келген 183 спортшы өзара бақ сынайды. Ал еліміздің намысын 10 спортшы қорғайтын болады. Негізінен мергендер сайысы 3 түрлі нысана бойынша өткізіледі. Атап айтқанда, 70/60 метр болатын пута нысанасы. Қалқан нысанасы 60/50 метрге созылған, 7 оқтан 7 мүмкіндік береді. Ал жамбы нысанасында спортшылар 30 метрден садақ атады. Сондай-ақ, 30 метр арақашықтықта командалар бір-бірімен жарысқа түседі.
Аударыспақ
Бұл спорт түріне 9 мемлекеттен келген 64 спортшы қатысады. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей. Бәсеке ипподром маңындағы этноауылда өтеді.
Мас-рестлинг
Якуттердің ұлттық спорты бойынша 31 мемлекеттен 98 спортшы қатысады. Қазақстан ұлттық құрамасынан 8 спортшы сынға түседі. Бәсеке екі күнге жалғасады.
Асық ату
Дәлдікке, ширақтыққа баулитын ұлттық спорт түрінен жарыс «Алау» мұз аудыны сарайында өтеді. Мұнда 12 мемлекеттен келген 39 спортшы бақ сынайды. Қазақстанның намысын 8 асық атушы қорғайды. Ал финалдық ойын 11 қыркүйекте өтеді.
Кураш
Түркі халқының дәстүрлі күресіне айнлған курашқа 27 мемлекеттен келген 106 спортшы қатысады. Аталған спорт түрінен ерлер 5 салмақта, ал әйелдер 3 салмақ дәрежесінде белдеседі. Бұл спорт түрінен еліміздің тынан 8 спортшы қатысады.
Қазақ күресі
Қазақ күресі де назардан тыс қалмады. Аталған спорт түрінен жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Күреске 41 мемлекеттен келген 274 спортшы тіркелген. Қатысушылардың әрқайсысы 8 салмақ дәрежесінде белдесетін болады.
Айта кету керек, бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-14 қыркүйек аралығында өтеді. Ойындарға 100-ден астам елден 4 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр.