21 Тамыз 17:17
...

«Жалаңаш жүрген «чунга-чанга» болдым да қалдым...» – Әнші Алтынбек Тәшімбетов жайын айтты

Әнші
Фото: ғаламтордан

Журналист М.Козачковтың телеграм каналы әнші Алтынбек Тәшімбетовтің лыпамен тұрған суретін жариялап, оның көпшілік орында бүлік шығарғанын жария етті. Енді әнші әкімшілік жазаға кесілуі немесе 10 тәулікке қамалуы мүмкін. Тілшіміз мәселенің анық-қанығын А.Тәшімбетовтің өзінен сұрап білді.

– Алтынбек, пабликтерде сіздің қан-жоса күйде лыпамен тұрған фотоңыз тарап жатыр. Сізді мұндай күйге түсірген не жағдай?

– Астанадан жолдас жігіттер келген соң бәріміз келіншектерімізді алып, караокеге бардық. Ашқарынға сыра ішкендіктен, аздап қызып қалғанымыз бар. Соңында бір себептермен күзетші жігіттермен келіспей қалдық. Сол сәтте олардың арасындағы жастау біреуі маған жұдырық жұмсады. Содан ерінімнен қан тоқтамай қойды.

Сөйтіп әлгі жерге келген полицейлер бастап, мені №12 қалалық ауруханаға жедел жәрдеммен алып барды. Онда үсті-басым қанға малынған соң киімдерімді шешкізіп тастады. Әйтпесе анығында ол жерге шалбармен барған адаммын. Сол кезде мені суретке тартып алып, нәтижесінде Козачковтың инсайдерлері жарыққа шығарып жіберген.

Әнші
Фото: Kozachkov offside

Онда медбикеге қол жұмсады деп жатыр ғой?

– Медбикеге қолымның ұшын да тигізбедім. Жалаңаш күйде күтіп отырғаныма ашуланып, медициналық көмек дер кезінде көрсетіле қоймаған соң «окошкасын» бүлдірдім. Осындай әрекет жасап, балағат сөз айтқаным үшін әкімшілік жазаға тартылдым. Айыппұл төлейтінім немесе кем дегенде он күнге қамауға алынатыным айтылды. Ақиқаты осы. Бірақ ешкімнің басын жарып, көзін шығармағаным ескеріліп, айыппұл есебінде айыбымды өтейтін болармын деп үміттеніп отырмын.

Мен өз кәнамды мойындаймын. Бірақ пабликтерге жалаңаш тұрған күйімді пайдаланып, таратып жібергеніне күйініп отырмын. Әсілінде ауруханаға полицеймен әрі сырт киіммен келген адаммын. Және олар медициналық көмек көрсетілу қажет болған соң қанға боялған киімімді шешкізген еді. Нәтижесінде көшеде жалаңаш жүрген «чунга-чанга» болдым да қалдым.

Тіліңіз тигендердің алдынан өткен боларсыз?

– Бостандық ауданының Полиция басқармасына келіп, түсініктеме жаздым. №12 ауруханаға барып кешірім сұрап, медбике қарындасымның алдынан өттім. Басшылығы да кешірім берді. Әлгі бүлінген «окошканы» жөндеп беретін болып келістім.

Әнші
Фото: А.Тәшімбетов

Қандай жаза кесуі мүмкін?

– Балағат үшін бәріміз түрмеге отыра берсек қалай болады? Айыбым үшін кесілген айыппұлды төлейтін шығармын. Қолыммен істегенді мойыныммен көтеремін.

Караокедегі күзетшілермен төбелескен жоқсыз ба?

– Мен ешкімге қол көтеріп үлгерген де жоқпын, керісінше, өзім жұдырық алдым. Оның үстіне күзетші атаулы келген қонақтарға оңды-солды жұдырық жұмсамауға тиіс еді. Бірақ ол жігіт «аға, байқамай қалдым» деген соң сөзге келместен кешірім бердім. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді? Біреулер Алтынбек хайп жасап жатыр депті. Маған қырыққа келгенде хайптың керегі қанша?! Бәрінен бұрын естіп қандай күйде болды екен деп әке-шешемнің жайына алаңдап отырмын.