Коронавирусты пневмония: Белгілері мен емдеу жолдары қандай?

«Пневмониямен ауырыпты» дегенді естісек те, бүгінгі күнге дейін оған көпшілігіміз назар аудармай келгеніміз шындық. Мысалы, жыл сайын әлемде 17 миллион адам пневмонияға шалдығады екен. Егер өкпе қабынуының асқынған түріне шалдықса, осы күнге дейін өлім көрсеткіші 8-9%-ға тең болып келген. Алайда соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, пневмониямен ауырғандардың саны артқан. Сырқаттанғандардың көбінде ауру симптомдары жоғары және өлім көрсеткіші өсіп отыр.
Коронавирус пен пневмонияны бөліп қарауға бола ма?
Коронавирустық қабыну әдеттегі пневмонияға қарағанда ауыр. Ол тыныс алудың нашарлауымен, температураның жоғарлауымен және тәбеттің болмауымен байқалады.
Коронавируспен қатар өршіген пневмонияның бұрын анықталған түрінен айырмашылығы оның пайда болуына патогенді бактериялар (пневмококктар, стафилококктар) себеп емес. Патология өкпе тініне вирустар мен бактериялардың енуіне байланысты дамиды. Тіпті өкпе жүйесі қатты зақымданады. Клиникалық тәжірибеде тромбоз түріндегі қан тамырларының зақымдануы байқалған.
Коронавирус пен пневмонияның негізгі айырмашылығы мынада: Коронавирус кезінде адам суық тию мен пневмонияның жедел респираторлық ауыр синдромына (SARS) шалдығады. Пневмония – өкпенің қабынуы. Ол коронавирус, тұмау вирусы, тіпті суық тиюден болатын вирустық инфекциялардан туындаған асқыну. Қазіргі пневмония – коронавирус инфекциясының көрінісі болып отыр. Оларды бөліп-жаруға келмейді.
Коронавирус шықпаған кезде халықтың көпшілігі әдетте қазан-қараша айларында пневмонияға шалдығатын. «Қазір ауа райының салқындап кетуінен де пневмония өршіп жатыр» деп есептейді мамандар.
Пневмония мен коронавирустың қатар өршуі өкпенің қабынып, адамның тыныс алуын нашарлатады. Сол себепті өкпеге дем жетпейді.
Пневмония – негізінен альвеолдарды зақымдайтын өкпе тіндерінің қабынуы. Пневмонияның басты себептерінің бірі – пневмококк инфекциясы, ал оның қоздырғышы – пневмокок. Ауру дене қызуының жоғарылауымен, кеуде тұсының ауыруымен, қақырық мол бөлінетін жөтел сияқты белгілермен басталады. Диагностиканың негізгі әдісі флюорография – өкпенің рентгенографиясында қара жарықтар, сондай ақ қақырық дақтары болуы мүмкін.
Пневмония көбінесе, екі жасқа жетпеген балаларда, 65 жастан асқан ересектерде және иммунитеті төмендеген адамдарда дамиды. Көбінесе, пневмонияның дамуы салқын тиюіне, вирустық ауруға, иммунитетті түсіретін дәрі қабылдауға байланысты екенін мамандар ескертеді.
«Астана медицина университеті» КЕАҚ отбасылық медицина кафедрасының меңгерушісі Наталья Латыпова пневмонияның алғашқы симптомдарын атады.
Медицина ғылымдарының докторы аурудың симптомдары бірден емес, шамамен 5-7-і күні респираторлық кезеңде пайда болатынын тілге тиек еткен болатын.
Пневмонияны туындатушы себептер көп. Аса кең таралғаны – тыныс алатын ауадағы бактериялар мен вирустар.
«Алғашқы симптомдар жөтел, ентігу, ыңғайсыздық, тыныс алудың қиындауы және кеуде ауыруы болуы мүмкін. Төменгі тыныс алу жолдарының зақымдануының белгісі – бұл симптомдардың біртіндеп өршуін білдіреді», – деді Наталья Латыпова.
«Егер бұл симптомдар әрі қарай өршімесе және температура 7 күннен артық көтерілмесе, онда алаңдаудың қажеті» жоқ дейді маман.
«Бұл антибиотиктерді қабылдауға немесе компьютерлік томографиядан өтуге себеп емес. Адам 2-3 күн бойы симптомдардың күшейіп жатқанын байқаса, онда бұл өкпенің қатты зақымдануының белгісі болуы мүмкін. Бұл жағдайда зерттеу жүргізіп, емдеу әдісін өзгерту қажет» – деді Латыпова.
Мамандар қарапайым тұмау кезінде демікпе болмайтынын жеткізді. Ол кезде дене қызуы көтерілгенімен, мұрын бітелмейді. Ал коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттердің буын-буыны сырқырап, дәм сезбейді.
Медицина қызметкері «мұндай симпотомдар байқалған жағдайды дәрігер көмегіне жүгіну керек» дейді. Ең бастысы дене қызуына назар аудару керек. Егер температура үш күн қатарынан 38 градустан түспесе, онда бұл вирустың бастапқы белгілері деген сөз. Яғни, тез арада дәрігерге қаралу керек.
Пневмонияны қалай емдейді?
Температура 38,5 градустан жоғары болса, дененің ауыруын, әлсіздікті жеңілдетуге мүмкіндік беретін қарапайым стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды қабылдау ұсынылған. Сұйықтықты көп ішу қажет. Алғашқы кезеңде аурумен иммунитет күресетіндіктен, антибиотиктер мен гормондарды пайдаланудың қажеті жоқ.
Бактериялық инфекцияның белгілері немесе зертханалық көрсеткіштер пайда болған жағдайда ғана антибиотиктер тағайындалады. Қауіпті топтағы науқастар – қарт адамдар мен созылмалы аурулары бар адамдар ерекше бақылауда болуы тиіс.
Ауру көбінесе екі аптаға дейін созылады. Ағзаның қалпына келу кезеңінде әлсіздік, шаршау, жеңіл жөтелу болуы мүмкін. Бұл кезеңде тыныс алу гимнастикасын жасау, таза ауада жаяу жүру пайдалы.
ДДСҰ денсаулық сақтау саласы бойынша төтенше жағдайлар бағдарламасының директоры Майкл Райан пневмонияның қазіргі түрін дұрыс диагноз қойылмаған Covid-19 болуы мүмкін деген пікір айтты. ДДҰ Қазақстандағы пневмонияны коронавирус деп есептейді.