6 Ақпан 13:07

Коронавирустан қашқан инвесторлар. Оларды қайтару үшін Қытай АҚШтың аяғына жығылды

Фото:

Коронавирус Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысын тезірек аяқтайтын фактор болуы мүмкін. Қазір Қытай АҚШтың алдында тізерлеп кешірім сұрап отырған адамды елестетеді. Экономикасынан инвесторлар қаша бастаған айдаһар АҚШтан келетін тауарларға баж салығын екі есе қысқартатын болды. 

Демек, АҚШ сауда соғысында түпкілікті жеңіске жетті. Қытай берілмей айқаса беретін еді, бірақ "жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартып" коронавирус дімкелетіп бітті. Қытайдың екі жаумен қатар алысуға күші де, құлқы да жоқ. Енді, 14 ақпаннан бастап Қытайдың қаржы министрлігі АҚШтан импортталатын кейбір тауарларға тарифтерді 5% -дан 2,5% -ға дейін төмендетуді және басқа тауарларға тарифтерді 10% -дан 5% -ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.

Сарапшылар Қытайдың бұл әрекеті Трамптың қабағын жылытып, қашуға дайын отырған инвесторлардың көңіл-күйін жақсарту дейді. Бүкіләлемдік банк та, басқа да халықаралық институттар да коронавирустан Қытайдың ішкі жалпыұлттық өнімінің өсу қарқыны төмендейді деп болжап отыр. Қытай сонымен бірге тарифтерді төмендетіп қана қоймай, АҚШ алдындағы басқа да міндеттемелерін орындауға мәжбүр болады.

Бұл импичменттен енді ғана құтылған Трамп үшін тамаша жаңалық болып отыр. Осы жағдайдың бар қызығын Америка президенті көрмек. Келесі сайлауда жеңіп шығатын мүмкіндігі де молайды дейді, сарапшылар.

Трамптың көңіл-күйінің жақсы болуы Қазақстанға да қажет. Қазір қытай қорларының индекстері мен АҚШ долларына қатысты валюта бағамдары өсе бастады. Шанхай Композит индексі 1 пайызға жоғарылады. USD/CNY жұбы 6,965 дейін төмендеп, өз орнына орнықты. Индекстердің өсуі мұнай бағасына тәуелді Қазақстан экономикасы үшін өте жағымды фактор болып табылады.

Тегтер: