«Коронавирус індеті өршіген кезде ғана керек болдық»: Санитар-эпидемиолог мамандарының айлығы неге аз?

Елімізде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының мамандары мемлекеттік қызметкерлер санатына жатады. Сонда да олардың айлығы қазір 140-150 мың теңге көлемінде. Санитар-эпидемиологтар қалай күн көріп жүр?
Коронавирус індеті өршіген кезде санитария дәрігерлері алдыңғы шепте жүрді. Дәл сондай жағдайда санитар мамандардың көмегіне зәру болдық. Үкімет індетпен арпалысқан мамандардың айлықтарына үстемақы қосып отырды. Десе де індет кезінде қосылған үстемақыны індет тоқтағанда алып тастаған.
Санитар-эпидемиолог мамандарының айлығын көтеру жоспарда бар ма? Әлде олар тек эпидемия өршіген кезде ғана керек болды ма? NEGE тілшісі осы сауалдарды ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаятқа жолдады.
Ажар Ғинаят былтырдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақылары көтерілгенін атап өтті.
«Коронавирустық инфекциямен күрес кезінде тек қана санитария дәрігерлерінің ғана емес, барлық дәрігер мен медицина қызметкерлерінің айлықтары өте көп деңгейде көтерілген болатын. Бұл індеттен құтылғаннан кейін инфекциямен, қатерлі аурулармен жұмыс істейтін дәрігерлердің, соның ішінде санитария дәрігерлерінің еңбекақысын көтеру жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Санитариялық-эпидемиологиялық дәрігерлер мемлекеттік қызметкерлерге жатады. Былтырдан бастап барлық мемлекеттік қызметкердің еңбекақысы көтерілді. Біз қазір осы салада жұмыс істейтін орта буын мамандардың еңбекақысын 16%-ға көтеруді жоспарлап отырмыз», – деп жауап берді Ажар Ғинаят.
Медицина саласында күрмеуі шешілмеген мәселе өте көп. Қазір емхана дәрігерлері науқастарды тек талон арқылы қабылдайды. Мәселен кардиолог маманға қаралу үшін алдымен терапевтке жазыласыз. Ол жерден бүгін-ертеңге талон алу мүмкін емес, кардиологтың қабылдауын екі апта немесе одан да көп уақыт күту керек болады. Кей жағдайларда «талон жоқ» деп қайтарады.
Шынын айту керек, ауыр жағдайда тұрған науқастар үшін бұл өте қиын процесс. Сол себепті талон алу мәселесін жеңілдетуге болмай ма? Жалпы емхана дәрігерлерінің қабылдауына жазылу процесі не себепті қиын? Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселе жөнінде ойланып көрді ме?
«Дәрігерлердің қабылдауына жазылуды оңай ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі арнайы бұйрықпен емделушілердің онлайн жазылуының екі-үш түрін, өздері келгенде жазылудың түрлерін ұсынып, бұйрықпен бұл жұмысты стандарттаған болатын. Біріншіден, қандай да бір медициналық ұйымдарда бұл стандарттар дұрыс қолданылмаса, бізге хабарлауы керек. Барлығын тексереміз, қараймыз. Ондай емханалардың бар екенін білеміз.
Екіншіден, әрбір емделуші өзінің учаскелік дәрігерінің есебінде болуы керек. Ол дәрігер өзіне тіркелген емделушінің жағдайын білуге міндетті. Сондықтан егер бірінші рет келіп тұрған болса, онда өзінің учаскелік дәрігерінің қабылдауына барады. Ал егер емделуші көпбейінді дәрігердің, мысалы кардиологтың есебінде тұрса, онда ол учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз тікелей өз кардиологына бара алады. Осындай тиісті бұйрық 9 бағыт бойынша қабылданған. Емделушілерді уақытында жазу, уақытында медициналық қызметті көрсету емханалардың басты міндеті. Оны ұйымдастыру сол емханалардың басшыларына жүктеледі», – деді Ажар Ғинаят.