20 Қараша 17:33

«Коронавирус – Nege-нің жобасы»

Фото:

Қазақта «Туған ай – тураған ет»  деген сөз бар. Сол айтқандай, әне-міне дегенше айдың артынан ай туып, бір жыл да өте шықты зымырап. Былтыр тура осы уақытта еліміздің медиа кеңістігінде жаңа ақпараттық-сараптамалық Nege.kz порталы қанат қағып, аламан бәйгеге қосылып кеткен еді. Оқырманның пікірінше, беталысы жаман емес. 

Міне, бір жылда сайт басқалардан қолтаңбасы ерек, айтар ойы нық екенін дәлелдеп үлгерді. Nege.kz порталы тұсауын кескенде Қытайдың Ухань қаласында коронавирус індетінің алғашқы дерегі тіркеліп жатқан. Бұл індет көп ұзамай бізге де жетті. Сол күннен бастап редакция тілшілерінің жұмысы қыза түсті. Індет ел аумағына ентелей кіргенде тілшілер денсаулық сақтау саласының дайындық барысын да тәптіштей жазды. Қарапайым масканың жетіспеушілігі мен бағасының күрт қымбаттап кеткен себебін де анықтады. Тіпті, вирусты алғаш жұқтырған азаматтардың кім екені, қай елден қыдырып келгені де ресми дерекке сүйеніп айтылды. Ол ол ма, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшылары «жасырған» қытайлық азаматтардың МӘМС қаражатымен карантинде бір ай жатқанын да біздің сайт алғаш болып жариялады.

Сол кезден бастап Nege.kz редакциясы індеттің алдын алуға, вирусты дұрыс емдеуге қатысты білікті дәрігерлердің кеңесін біліп, оқырманға пайдалы дүниелерді ұсынуға күш салды. Әсіресе, вирус жұқтырғандар саны артып, жұрт дәрі тапшылығына тап болғанда, нағыз мамандардың пікірін білуге асықты. Бұдан бөлек сайтымыздан Президент Қ.Тоқаевтың қаулысы арқылы дәрігерлерге берілетін үстемақыны ала алмай жүрген ақ халаттыларға да сөз берілді. Ал наурыздың 19-ынан басталған қатаң карантин режимі кезінде отбасынан айлап қол үзіп, жұмыс істеген дәрігерлерді уақытша баспанамен қамту мәселесінің оңды шешілуіне де септігіміз тиді десек артық айтқанымыз емес.

Сайт қатаң карантин кезінде де жұмысын тоқтатқан жоқ. Алматы мегаполисінде мүлгіген тыныштық орнап, көліктері бір сәтте дамыл тапқанда да оқырманға толассыз ақпарат таратып отырды. Тіпті, алыс-жақын шетелдегі қандастарға байланысқа шығып, ол жақтағы ахуалды сұрап, сабақ алатын тұстарына екпін түсірді.

Коронавирус инфекциясының алғашқы дерегі тіркелген сәтпен тұспа-тұс ашылған сайттың дүйім жұртты алаңдатқан індет жайында кеңінен тарқатып жазуы да сондықтан. Кейбір әріптесіміздің «Коронавирус – Nege.kz порталының жобасы емес пе?!» деп әзілдейтіні де бекер емес. Себебі, қоғамды елеңдеткен әрбір жаңалық – біздің назардан тыс қалмайды.

Nege.kz порталы әлеуметтік-қоғамдық мәселелерден бұрын, саяси-экономикалық түйткілдерге де терең талдау жасап, жан-жақты қамтып келеді. Бұл – 1 жылдағы жұмысымыздың нәтижесі ғана. Алда талай маңызды һәм айтулы жаңалықтардың жаршысына айналатынымыз сөзсіз.

Тегтер: