«Қорқыту терапиясын жасаймын...» – Ахметбек Нұрсила қалай адам емдеп жүргенін айтты
Қазір әлеуметтік желі ақпарат алмасу мен табыс көзі алаңына айналды. Оның ішінде қайырымдылық қорлары да, емші де, бақсы-балгер де көп. «Аңқау елге арамза молданы» да сол жерден табасыз. Ал белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила неге адам емдеп кетті? Мұның себебін NEGE тілшісі өзінен сұрап көрді.
– Әлеуметтік желі арқылы ақша тауып жүрген «инфосығандардың» әрекетін алаяқтыққа санайтын едіңіз. Соңғы кезде сіз де адам емдеуге көшіпсіз. Тіпті, «су бүркігеннен жазылып кетеді дегенге кім сенеді» деген пікірді көз шалды. Не дейсіз?
– Контекстен жұлып алып, сөзді теріске айналдырып жіберуге болады. Мен су бүркіп емдемеймін. Денсаулық, физиология жайында лекция оқимын. Дәріс тыңдап үйренбеген үлкен кісілер кейде ұйқтап қалады. Енді бірі орындықта отырып-ақ мүлгіп кетеді. Сондай сәтте түрлі жаттығу жасатамын немесе су шашамын. Алдын ала өздерінің келісімін аламын. «Ұйқтамау үшін залдың әр жеріне шелекпен суық су қоямын. Маужырай бастасаңыз, беті-қолыңызды суық сумен шайып алыңыз. Өйткені, білімсіз жасаған әрекет бос әуре екенін түсініңіз. Немесе қалғып-мүлгіп отырғаныңызды көрсем өзім-ақ су шашамын» деп айтамын. Бұл бір жағынан адамдарды сергіту.
Енді біреулер дәл сол жерін көріп, жұлып алады да «мынау су бүркіп емдеп жатыр» деп жан-жаққа таратады. Соның бірі Серікжан Біләш мені қаралап, түрлі пікір айтты. Бірақ маған медицинаның түрлі саласында 20-30, тіпті 40 жылдық тәжірибесі бар 200-ден астам дәрігер келді. Олар еріккеннен ақша төлеп келген жоқ. Өздері ауырған соң мені іздеп келді.
Ал кейбір жұрт мені «алаяқ» деп жатыр екен. Білмейтін адамда «Мына кісі кәсіпкер еді, енді аяқ астынан адам емдеп жүр ме?» деген пікір туындауы орынды. Бірақ факт бар ғой. Анау Ақтаудан, Атыраудан дәрігерлердің өздері іздеп кеп жатыр.
– Сонда олар сіздің ешқандай медициналық біліміңіздің жоқтығына қарамастан қаралуға келе ме?
– Ғылыми негізге сүйеніп, қолданылып жатқан тәсілдерім көмектеспесе кетіп қалар еді. Пәлен жыл дәрімен емделе алмай жүргендер дертінен табиғи жолмен айығып жатыр. Дәрімен ағзасын улап тастаған көбі. Одан емделіп кетпеген соң басқа амалы жоқ.
Мәселен, қант диабетін медицина емдей алмайды дейді де, дәріге отырғызып тастайды. Сол сияқты қалқанша безі, артрит, псориаз, тағы басқа ауруды гармонға тәуелді қып қояды. Ал онкологияға тек химия терапия ғана жасайды. Міне, осындай дертке шалдыққан науқастар емделіп, жазылып кетті. Цистит ауруымен қанша жыл күресіп келген Қазақ-Ресей медициналық университетінің профессоры толық жазылып, алғысын айтты.
– Сонда қандай әдіс арқылы емдейсіз?
– Оны бір ауыз сөзбен айтып бере алмаймын. Мұның 16 тәсілі бар. Бірінші, қорқыту терапиясы тәсілі бойынша мұздай суға сүңгіп шығады. Бұл – Гарвард университетінің профессорлары дәлелдеген, мойындаған тәсіл.
Екінші, дұрыс тыныс алу техникалары. Оған йогатерапия техникасы жатады. Йогатерапия арқылы қалқанша безі, бүйрек, буын ауруын қалпына келтіреді. Бұл ғылымды Кеңес үкіметі кезінде бірқатар ғалымдар дәлелдеген. Қазір әлем қолданады. Өкінішке қарай, бізде мұның онша пайдасын біле бермейді.
Сосын – медитация. Бұл – мидың құдыреті. Мұны зерттеп жүргеніме 30 жыл болды. Джо Диспензаның тренингтеріне қатысып, қаншама кітабын оқыдым. Бір күндік емес, отыз жылдық еңбектің тәжірибесі. Білсеңіз, омыртқа жарығы, протрузияны медицинада ота жасап, мүгедек қылып тастайды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Кеннедиді емдеп жазған ғалымның еңбегін оқып, өзімнің де жанымды емдедім, көптеген адамды отасыз аяғына тұрғыздым.
Содан кейінгі кезекте – шөп дәрілер. Мұнымен қоса ағза тазалау, ашықтыру жолымен де емдейміз. Тазарту клизмасы, тюбаж, гипноз, гипнотерапия әдісі бар. Одан бөлек саумал мен түйенің жаңадан сауылған сүтін береміз. Мұның бәрін даладан алмаймын. Халықаралық саяси психология институтын бітіріп, сертификат алдым.
– Сонда бір адам қанша қаржымен келуі керек?
– 200 мың теңге. Сосын жүз жылға портал береміз. Оған бүкіл аурудан табиғи жолмен дәрісіз қалай емделуге болатын тәсілді жүктейміз. Ғалымдардың арнайы кеңесі бар.
– Қазір «дертіңнен құлан-таза айығасың» деп, халықтың ақшасын «сорып» жүргендер көп қой. Сіздікі де осы айла емес пе?
– Ақша табатын жолды білемін. Өзім өндіріспен, саудамен айналысамын. Жасым 64-те. Бала-шағам өскен, жетілген. «Алаяқтықпен ақша тапқанмен топырақ жегенім артық» деген түсінікпен өмір сүремін. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» дегенді өмір бойы насихаттап келемін. Сырттан тон пішпей, қарапайым жұрттан бөлек, ем-дом алған қаншама дәрігердің пікірін оқу керек. 70-75-ке келген егде кісілердің өтірік айтуы, жазуы мүмкін емес. Мен қолданып жатқан тәсілдің әрқайсысы іргелі ғылым. Менің бойымда ешқандай қасиет жоқ. Емші емеспін. Ешкімге дәрі де бермеймін. Адамдарды салауатты өмір сүру салтына үйретемін, шынықтыру арқылы сауықтырамын.
Фото:
– Демек, алдыңызға қаншама адам келеді деген сөз. Жалпы, халықтың денсаулығы, әлеуметтік жай-күйіне байланысты не айтасыз? Қандай мәселе жаныңызға батады?
– Бізді екі нәрсе мәңгүрттендіріп жатыр. Біріншісі – халықтың денсаулығын құрту арқылы алпауыттар миллиардтап ақша табуда. Мәселен, Филип Моррис компаниясы Қазақстанға 600 млрд теңгеге темекі сатады. Халық жарнаманың құрбанына айналып, түрлі зиянды тәтті сусындар мен тағамдарды сатып алады.
Екіншісі – дәрігерлер ауруға шалдыққан адамдарға синтетикалық-химиялық дәрі-дәрмекті ғана нұсқайды. Мұның ешқайсысы емдемейді. Яғни, науқас адамның денсаулығын одан әрі құртып, мүгедектікке әкеледі. Егер солар сауығып кетсе, бізге басқа-басқа, дәрігерлер келмес еді. Бұның себебін халықтың сауатсыздығынан іздеу керек. Өз денсаулығын өздері күтпейді.
– Сонда медицина әлі емін таппаған дерттерді жаза алатыныңызға 100 пайыз сенімдісіз бе?
– Иә, бәрін. Мысалы, кеше 13 жыл тәжірибесі бар ревмотолог-дәрігер келді. «Осыншама уақыт ревмотолог болып жұмыс істеймін. Алдыма көмек сұрап келген бірде-бір адам емделген жоқ. Сол үшін өзімді ығайсыз сезінемін, өзімді кінәлаймын», – деді. Оған «қант диабеті, қалқанша безі, гипотиреоз, онкология, тағы басқа бүкіл ауру емделіп жатыр» десем таң қалады. Басында сенбеді, сосын өзі ем алған соң, көзі жетті.
– Бір кездері «Бизнес бастау» курсыңызға келген жігіттерді «Өліксіңдер, сілімтіксіңдер!» деп жер-жебіріне жеткен бейнежазбаңыз тараған еді...
– Өз басым ұйқыға жаумын. Адам ерте жатып, ерте тұру керек. Денсаулық та ұйқының дұрыс болуымен тығыз байланысты. Жылдың 365 күнінде таңертең сағат 5-те тұрамын. Содан әлеуметтік желіге «Таң жарық, ағайын» деп күн сайын бейнежазба салып тұрамын.
Тәннің азығы – тамақ, ойдың азығы – сөз. Абай атамыз «Есті кісінің сөзін ескеріп жүрген адам өзі де есті болады» деген жоқ па?! Сондықтан белгілі тұлғалардың қанатты сөздерін қазақшаға аударып, өзім түсініктеме беремін. Күнде таңертең әрқайсысында 500-дей адам тіркелген чатқа жіберемін. Адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі болу керек.